Сапасыз құрылысқа жол жоқ: Қазақстанда мердігерлерді бақылау күшейеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда құрылыс нысандарының сапасына бақылау күшейтіледі. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы қатаңдатылып, міндетін тиісті деңгейде орындамайтын мердігерлерге жауапкершілік шараларын күшейту көзделіп отыр. Бұл туралы Үкіметте өткен кеңесте айтылды.
Президенттің жоғары сапалы құрылысты қамтамасыз ету саласындағы тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев баяндады.
Әлеуметтік инфрақұрылымның ауқымды құрылысы аумақтарды кешенді дамыту қағидаты негізінде жүзеге асырылатын болады. Бұзушылықтардың ерте сатысында алдын алуға баса назар аудара отырып, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы күшейтілді. Жыл басынан жоспарлау, жобалау және құрылыс процестеріне цифрлық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін бірыңғай құрылыс порталы қолданысқа енгізілді. Жобаларды сараптау сатысында ЖИ құралдарын енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Елордадағы Урбанистика орталығының тәжірибесін басқа өңірлерде кеңейту аясында барлық облыста урбанистика саласында салалық ұйымдар құрылып, жұмыс істеп жатыр. Әкімдіктер 2026-2027 жылдарға арналған қалалық кеңістікті дамытуға заманауи тәсілдерді енгізуді, қолайлы орта құруды және қалалардың келбетін жақсартуды көздейтін жол карталарын бекітті. Сонымен қатар жаңа Құрылыс кодексінде елді мекендердің сәулеттік келбетін қалыптастырудың міндетті құралы ретінде дизайн-код бекітілді.
— Мемлекет басшысы Қазақстанның үлкен құрылыс алаңына, жасампаздық мекеніне айналуы қажеттігін және құрылыстың жоғары сапасын қамтамасыз ету керектігін ерекше атап өтті. Осыған байланысты Үкімет құрылысты қатаң бақылауды қамтамасыз етуі керек. Міндетін адал атқармайтын мердігерлерге қатысты қатаң жауапкершілік шараларын қолдануды тапсырамын, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Өнеркәсіп министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп, әрбір құрылыс нысанына қатаң бақылау мен мониторинг жүргізуді, жобалық стандарттарды талап етуді, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар құрылысының жоғары сапасын қамтамасыз етуге тиіс. Урбанистика орталығының тәжірибесін кеңейту жұмыстарын ұйымдастыру бойынша тапсырмалар берілді.
— Аталған орталық қала тұрғындарына қолайлы орта құру үшін нақты ұсыныстар әзірлейтін, қаланың келбетін жақсартуға арналған ұтымды шешімдер мен жобаларды, қала кеңістігін дамытуда заманауи тәсілдерді дайындайтын маңызды құрылым болып табылады, — деп атап өтті Премьер-министр.
Еске сала кетейік, енді құрылыс компаниясы нысанға кемінде бес жыл кепілдік беруге міндетті.