12:44, 18 Қазан 2012 | GMT +5
Сапасы сын көтермейтін өнімдердің 10 мыңнан астам топтамасын өткізуге тыйым салынды
АСТАНА. 18 қазан. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің департаменттері биылғы 9 айда 3 мың 823 кәсіпорынға тексеріс жүргізді.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте аталған комитеттің төрағасы Рыскелді Сәтбаев айтты.
«Тексеріс нәтижесінде техникалық реттеу мен метрология саласындағы заңнама талаптарын бұзу жағдайы 70 пайыздан астам деңгейінде айқындалды»,-дейді ол.
Белгілі болғандай, биылғы 9 айда жалпы сомасы 2 миллиард теңгеден астам қаржы көлеміндегі сапасы қанағаттанарлықсыз, сондай-ақ сәйкестік сертификаттары мен таңбасы жоқ түрлі өнімнің 12 мыңнан астам топтамасын өткізудің жолы кесілді. Аталған заңнама талаптарын сақтамау фактілері үшін 88 млн. теңгеден астам қаржыны құрайтын 1 724 айыппұл салынған.