Сапасыз азық-түлік сататын дүкендерді бірден жабу керек - Д.Назарбаева

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сапасыз, техникалық регламенттерге сай келмейтін тауарлар анықталған бөлшек саудадағы дүкендерді бірден жабу, жұмыстарын тоқтату керек. Бүгін Мәжілісте Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің кеңейтілген отырысында депутат Дариға Назарбаева осындай ұсыныс айтты. Еске салайық, жиын барысында тұтынушы өнімдерін техникалық реттеу мәселелері талқыланған болатын.

Сапасыз азық-түлік сататын дүкендерді бірден жабу керек - Д.Назарбаева

«Шындығында, мен бөлшек сауда желісіндегі талаптарды қатаңдата түсу керек деп санаймын. Өйткені, дүкендер сол тауарларды өздері сатып алады, өздері әкеледі, сосын оны жұртқа сатады, ендеше өздері сертификаттарын тексеріп, керек болса зертханалық шығындарын да өздері төлеулері керек. Бұл салада бәсекеге адал емес жеткізушілерге де қатаң шаралар қолдану керек секілді», - деді Мәжіліс вице-спикері.

Сонымен бірге Д.Назарбаева жауапты мемлекеттік органдарға қарата айтқан сөзінде сапасыз тауарлар саудаланатын дүкендерге де қатаң шара қолданудың қажеттігін атап өтті.

«Егер дүкен сөрелерінде нашар сападағы тауарлар анықталса, дүкенді жабыңыздар, жұмысын тоқтатыңыздар. Әйтпесе, басқаша әсер ету мүмкін емес. Өкінішке қарай, нәтижеге жету үшін де тек осындай қатаң шаралар ғана көмектесетіндей», - деді Д.Назарбаева.