Сапасыз бензин сатқан ЖШС-ға ірі көлемде айыппұл салынды

БҚО тұтынушылар қорғау департаментінің бөлім басшысы Эльмира Қиматованың айтуынша, биыл «Уральск АЗС Сервис», «Азов» және «Орал-Терминал» ЖШС-ларының жанар-жағармай құю стансаларынан бензин сатып алынып, зертханаға жіберілді. Сараптама қорытындысы 6 сынаманың бесеуі талапқа сай келмейтінін көрсетті. Соған байланысты аталған серіктестіктерге сол бензинді сатылымнан алып, өнімнің сапасын айғақтайтын құжаттарды көрсету жөнінде ұйғарым берілді. «Азов» және «Уральск АЗС Сервис» ЖШС сәйкестік сертификаты мен барлық талапқа сай келетін бензин құжатын берді. Ал «Орал-Терминал» ЖШС олай жасай алған жоқ. Былайша айтқанда, олар АИ-95-К4, АИ-92-К4 маркалы бензиннің орнына К-2 маркалы, яғни экологиялық сыныбы төмен бензиннің құжатын берді.
Сол себепті ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 462-бабы 3-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылып, сотқа берілді. Бірінші сатыдағы сот шешіміне риза болмаған «Орал-Терминал» ЖШС БҚО сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына жүгінді, бірақ аталған қаулы өзгеріссіз қалдырылды.
«Бұл - әзірге кездесіп отырған осындай бірінші жағдай. Алдағы уақытта да тұтынушылар құқығын қорғау мақсатында түрлі өнімдер сатып алынып, тексеріліп отырылатын болады», - деді ҚазАқпарат тілшісіне тұтынушылар құқығын қорғау бөлімінің басшысы Э.Қиматова.