Сапасыз жол: 2 мердігер лицензиядан айрылды, 17 техникалық қадағалаушы қызметін тоқтатты
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл 9 айда 10 мыңға жуық жол құрылысы сапасын тексеру жұмысы жүзеге асырылды. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жол жөндеу жұмыстарының сапасына және автожолдардың жай-күйін диагностикалауға ерекше назар аударылып отыр. Республикалық жолдар бойынша жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жүзеге асырылады және бүкіл желіні толығымен қамтиды. Жергілікті жолдар бойынша қаражат жергілікті бюджеттен жергілікті атқарушы органдардың қалауы бойынша көзделеді. 9 айда 10 мыңға жуық жол тексеру жұмысы жүзеге асырылды», - деді Қ. Өскенбаев.
Осы орайда ол талаптарды бұзудың 5,1 мың дерегі анықталғанын айтты.
«Жүргізілген сараптама нәтижелері бойынша 2 жол салу және жөндеу жөніндегі мердігер ұйым лицензиясынан айырылды. Техникалық қадағалауды жүзеге асыратын 17 инженердің қызметі тоқтатылды. Техникалық қадағалау қызметтері мен мердігерлерге 29,3 млн теңге айыппұл салынды», - деді Қ. Өскенбаев.
Бұл тұрғыда мердігер ұйымдар 2 млрд теңге сомасына жұмыстарды қайта жүргізді.
Бұған дейін министр мәлім еткендей, жыл соңына дейін шамамен 1 мың шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланып отыр.