Сара Тастанбекқызының дүниеден озғанына 100 жыл

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Ақын Сара Тастанбекқызы әлі зерттеуді қажет ететін тарихи тұлға. Бүгінде зиялы қауым ақынның өмір сүрген уақытын екі түрлі айтып жүр. Бірі 1878 жылы дүниеге келді десе енді бірі одан ертерек туған деп пікір айтуда. Ал биыл сол зиялы жұрт Сара Тастанбекқызының қайтыс болғанына 100 жыл деп отыр . Бұл жөнінде ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды. 

Сара Тастанбекқызының дүниеден озғанына 100 жыл

Небәрі 13 жасында қолына домбыра алып, айтысқа қатысып, Біржан салмен сөз жарыстырған Сара Тастанбекқызы Жетісу жерінде дүниеге келген. 40 жылдай ғана өмір сүрсе де, артына жауһар жыр қалдырған суырып салма ақын.

«Бір әттегені ақынның дәріптелуі кенжелеп тұр. Тіпті облыста Сараның туын ұстап тұрған адуынды айтыскерлер жоқтың қасы. Жылда Жамбыл Жабаевтың, Ілияс Жансүгіров, Мұқағали Мақатаевтың оқулары өтеді, республика бойынша. Енді біз Алматы облысы бойынша бір ақын қызды дәріптей алмай отырмыз», дейді, айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов.

Ғылыми ортада Сара деген ақын болмаған, Біржан салмен айтыспаған деген пікір де жоқ емес. Профессор, Ілиястанушы Мұратбек Иманғазинов бұл тұжырымға қарсы біраз дәлел келтірді. Ғалым енді ақынның өмір сүру кезеңіндегі күмәнді сейілту қажеттігін айтады.
«Зерттеушілердің деректеріндегі әртүрлі деректер, фактілердің келуі адамдарды шатастырып отыр. Сол жөнінен біз осыған соңғы нүкте қоюымыз керек. Ақын Сараны зерттеген журналист, ғалым деп айтуға болады Тәңірберген Қалихановтың айтуы бойынша, бұл кісінің қайтыс болғанына 100 жыл», - дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Мұратбек Иманғазинов.

Ал келесі жылы ақынның дүниеге келгеніне 140 жыл толмақ. Біржанмен айтысы арқылы ғана күллі қазақтың аузында қалған ақынның мерейтойы үлкен көлемде аталып өтуі тиіс деген пікірде жетісулық зиялылар.