Сараланған тариф арқылы қоғамдық көліктер 100 млн теңгеден астам пайда тапты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда сараланған тариф қолдана бастаған автопарктердің бір аптадағы табысы 103,6 млн теңгеге өсті деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алматы көлік холдингі» ЖШС-і таратқан мәліметтерге сүйенсек, 2017 жылдың 1-7 тамызы аралығындағы автопарктердің кірісі 260 млн 578 мың теңгеге жеткен. Бұл оның алдындағы апта яғни, 25-31 шілдедегі көрсеткішпен салыстырғанда 39,8 пайыз теңгемен есептегенде 156,941 мың теңгеге артық болған.
Соңғы апта ішінде автобустардағы «Оңай» картасы арқылы жасалатын транзакция опрациялары 1 млн-ға артқан. Нақтырақ айтқанда, 2 млн 759 мың транзакция 1-7 тамыз аралығында 3 млн 937 мыңға жеткен.
Қолма қол ақша төлеу 3 есеге азайған. Бұған дейін 1 млн 039 мың қолма қол ақша транзакциясы орындалса, соңғы аптада 307 274-ке дейін түскен.
«Алматыда жолаушылар тасымалы саласында қоғамдық көліктерде әртүрлі баға тарифін енгізу қаржы айналымының тазалығын арттырды. Бұл қала бюджетіне түсетін кірістерді көбейтеді», - деді «Алматы көлік холдингі» ЖШС директоры Садыр Хамраев.
Айта кетейік, Алматы қаласында 1 тамыздан бастап қоғамдық көліктерде әртүрлі баға тарифі енгізілді. Нақтырақ айтқанда, «Оңай» картасы арқылы төлем жасаушылар үшін баға бұрынғы 80 теңге болса, қолма-қол есеп айрысу 150 теңгеге жетті.
«Оңай» картасы арқылы төлемде барлық жеңілдіктер қалдырылды.