Сараланған тарифтер енгізгеннен кейін тұтынушылар 2,1 млрд. теңге үнемдеген - Н. Алдабергенов

АСТАНА. Қыркүйектің 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елімізде сараланған тарифтер енгізілгеннен кейін тұтынушылар 2,1 млрд. теңге үнемдеген.
None
None

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Тарифтік саясаттағы энергияны үнемдеу» тақырыбында өткен Үкімет сағатында бұл туралы Үкіметтің отырысы барысында Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов мәлім етті.

Төрағаның айтуынша, агенттік іске асыратын энергияны үнемдеу жөніндегі негізгі іс-шаралардың бірі электр энергиясын үнемді тұтыну міндеттерін шешу болып табылады. Осы міндеттерді іске асыру үшін сараланған тарифтер әдістерін енгізу қолға алынған. «Бүгінгі күні республикада сараланған тарифтер тұтыну көлеміне қарай және тәулік зоналары бойынша қолданылады. Бұл электр энергиясын үнемді пайдалану міндетін шешуге мүмкіндік беруде. Сараланған тарифтерді тәулік зоналары бойынша қолдану нәтижесінде үнемдеу орта есеппен 1,1 млрд. теңгені құраса, тұтыну көлемі бойынша қолдану кезінде 1 млрд. теңгені құрап отыр. Мысалы, Алматы қаласында сараланған тарифті тәулік зоналары бойынша қолданудан алынған үнем 554 млн. теңгені, ал тұтыну көлемі бойынша 240 млн. теңгені құрады», деді Н. Алдабергенов.

Ал Қарағанды облысының тәулік зоналары бойынша қолданудан алынған үнем 376 млн. теңгені құраса, тұтыну көлемі бойынша бұл сома 177 млн. теңгеге жеткен. Атырау облысында тәулік зоналары бойынша 58 млн. теңге үнемделсе, тұтыну көлемі бойынша 113 млн. теңгені құраған.

«Сонымен бірге, электр энергиясын тұтынудың төмендеуі байқалады. Сөйтіп, Астана қаласында тұтыну көлемі бойынша сараланған тарифті енгізгенге дейін бір адамға шаққанда электр энергиясы орта есеппен айлық тұтыну 79 кВт сағатты құраса, ал бұларды енгізгеннен кейін 76 кВт сағытты құрады. Яғни, үнемдеу айына бір адам үшін 3 кВт сағатқа тең. Осылайша, сараланған тарифтерді енгізу нәтижесінде еліміз бойынша электр энергиясы шамамен 150 млн. кВт сағатқа, отын шамамен 30 мың тонна көмірге, ластаушы заттар шығындары 13,5 мың тоннаға азайған. Ал тұтынушылар өз қаражаттарын шамамен 2,1 млрд. теңге сомасына үнемдеді. Бұл электр энергиясын шешу мәселесінің тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді», деді Н. Алдабергенов.

Соңғы жаңалықтар