«Саран» шахтасында қаза тапқандардың отбасылары тұрғын үй жағдайын жақсартуды сұрады
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - «АрселорМиттал Темиртау» компаниясы «Саран» шахтасында қаза тапқандардың отбасы мүшелерінің барлық өтініштерін орындайды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Біз әр отбасымен кездесіп, қандай көмек көрсететінімізді хабардар еттік. Бізде ұжымдық келісімшартта көрсетілген көптеген міндеттемелер бар. Онда 10 жылдық жалақы (өтемақы - авт.), қаза тапқандардың балаларына, ата-анасына, жұбайларына шипайжайға жолдама беру көрсетілген. Қаржылық көмек сұрау мүмкіндігі, балалары мен жұбайларын оқыту айтылған. Сонымен қатар, бұл жерде көрсетілмеген көптеген айқындамалар берілген. Кейінірек үйлестіреміз», - деді «АрселорМиттал Темиртау» АҚ көмір департаментінің директоры Евгений Ромащин, ТЖ арнайы тексеру комиссиясы актісін жарияланнан кейін журналистердің сұрағына жауап бере отырып.
Ол қайтыс болған кеншілер отбасыларының тұрғын үй жағдайын жақсарту туралы өтініштерін атап өтті. «Біз ұжымдық келісімшарт міндеттемелері мен қосымша бірқатар міндеттерді орындаймыз», - деп қорытты өз сөзін Е.Ромащин.
Комиссия азаматтық қорғау заңнамасын бұзғаны үшін компанияға жауапкершілік жүктеді. Комиссия өкілдері бүгінгі таңда зардап шегушілердің төртеуінің бірі ауруханада қалатынын хабарлады. Ал, үшеуі жазылып шыққан.
Комиссия мүшелерінің ақпаратына сүйенсек, зақымданушылар психологиялық жарақат алған және мамандардың көмегіне зәру.
Айта кетерлігі, бүгін арнайы комиссия төрағасы, ҚР ИДМ Индустриалды даму және өндірістік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрбек Құнанбаевтың мәлімдеуі бойынша «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің «Саран» шахтасындағы қайғылы апатқа қылмыстық немқұрайдылық себепші болған.
Комиссия қайғылы оқиғаға әкеп соққан оқиғаның ұйымдастырушылық және техникалық себептерін анықтады.
Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша, Саран шахтасының директоры мен орынбасарларынан бастап 16 қызметкер жұмысынан шеттетілді.
Еске сала кетсек, 10 қарашада Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің «Саран» шахтасында апат болды, үш адам қаза тауып, бес адам зардап шекті. Мерт болғандар арасында 32 жастағы Мейрам Жанысбаев, 56 жастағы Эдуард Леснеков, 56 жастағы Мұрат Нұрмағамбетов бар. Кейінірек Қарағандыда Мақажанов атындағы клиникада «Саран» шахтасының жұмысшысы 52 жастағы Михаил Панин көз жұмды.