Сарандағы тұрмыстық техника зауыты 70 мың дана отандық өнім шығарды

АСТАНА. KAZINFORM – Сарандағы тұрмыстық техника зауыты 70 мың дана отандық өнім шығарды. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты.

тұрмыстық техника
Фото: Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті

«Қарағанды облысының Саран қаласында 70 мың дана отандық тұрмыстық техника шығарылды. Бұған қоса, осы жылдың 4 тоқсанында Samsung тұрмыстық техникаларын шығару қолға алынады деп үміттенеміз. Келісім қол қою сатысында тұр. Олар - теледидарлар мен кір жуатын машиналар. Мұнан бөлек, «Алатау» инновациялық жобалар паркінде Huawei теледидарлары шығарылып жатыр. Айына шамамен 5-7,5 мың теледидар құрастырамыз. Алматы тұрмыстық техника зауыты бар. Ол тұрмыстық техникалалардың бюджеттік брендтерін шығарады. Яғни, тұрмыстық техника тұрғысынан алғанда бізде отандық өндіріс жолға қойылған», - деді министр.

Сонымен қатар оның атап өтуінше, Samsung компаниясымен елімізде жыл сайын 400 мың тұрмыстық техника шығару келісімі бар.

«Сырттан әкелінетін тауарларға қарағанда отандық тұрмыстық техникалар әлде қайда арзан болады деп ойлаймын. Техниканың пластиктен жасалатын корпусы зауыттың өзінде құйылады. Құрал-жабдықтар әкелінген. Логистикалық мол шығынды қажет ететін бөлшектер де Қазақстанда шығарылады», - деді ол.