Сарапшы кадрлық резервтегі нәтижелі жастарды атады

Дулат Өтеғали
Фото: сарапшының жеке архивінен

 АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Дулат Өтеғали Президенттік жастар кадрлық резерві (ПЖКР) арқылы қызмет алып, нәтижелі еңбегімен көзге түсіп жүрген жастарды атады.

«Президенттік жастар кадрлық резерві жобасын іске асыру барысында үш іріктеу жүргізілді. Қазіргі уақытта ПЖКР қатарына түрлі саладағы 400 жас маман енген. Статистикалық деректерге сүйенсек, ПЖКР құрамындағы жас мамандардың 70%-ы орталық және атқарушы органдардағы жауапты лауазымдарға тағайындалған. Жоба жүзеге асып бастаған кезден бері жастардың маңызды қызметтердегі үлесінің артқандығын көрсетеді. Бұл алдағы уақытта мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа тәсілдердің енгізілуіне, жаңаша көзқарастардың пайда болуына, инновациялық өзгерістердің орын алуына әсерін тигізуі қажет», - дейді сарапшы.

Зерттеуші резерв қатарында болып, өз жобаларын жүзеге асырып, нәтижелі еңбектерімен көзге түсіп жүргендер баршылық екенін айтады.

«Олардың ішінде ерекше Инвесторлардың таргеттелген алгоритмін жасаған Лейла Гимранованы, Пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссияны реформалау мәселесін көтеріп жүрген «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Ғалиевті, «2024 жылы саяхаттауға арналған 52 ел» рейтингінде Қазақстанды 25 орынға қойған, ең ірі халықаралық БАҚ – New York Times-тың айтулы туристік рейтингіне енуге қол жеткізген Шырын Мусинаны, елімізде смартбордтар желісінің пайда болуына үлес қосқан Рауль Линдті, ғылыми-сараптамалық зерттеулер жүргізіп жүрген «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасының орынбасары Олжас Бейсенбаевті атап өтуге болады», - дейді Дулат Өтеғали.

Резервтегі жас мамандардың 70%-ы жауапты лауазымдарға тағайындалғанын алға тартқан сарапшы бұл іріктеу елдегі кадр тапшылығы мәселесін шешуге әсерін тигізіп жатыр деп есептейді.

«Кадр резервінің мүшелері меритократия қағидатын толық іске асыру үшін қатаң іріктеуден өтеді. Яғни, басшылық лауазымдарды олардың әлеуметтік тегі мен материалдық жағдайына қарамастан, барынша қабілетті адамдар иеленуі тиіс», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар