Сарапшы: ҚР Президенті Германияға сапарында парасатты дипломатияға айрықша мән берді

Мәжіліс депутаты Никита Шаталов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапары кезіндегі маңызды қадамдарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

тоқаев германия
Фото: senate.parlam.kz

«Президенттің Германияға сапарының басты бағыты айқын, яғни экономикалық қатынасты тереңдету, сондай-ақ өңірдегі саяси ұстанымды нақтылау. Германияға сапар осыған дейін Вашингтонда болған С5+1 жиынының тікелей жалғасы. Атап айтқанда, Орталық Азия және Германия мемлекеттері басшыларының кездесуінің өзіндік маңызы бар. Бұл тұрғыда Қазақстан тағы да біздің өңірдің атынан негізгі келіссөз жүргізуші рөлін атқарады», – деп жазды Н. Шаталов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның пайымынша, кейінгі жылдары Қазақстан-Германия ынтымақтастығында екі бағытқа екпін қойылып отыр. Бұл ретте, көлік-логистика және өнеркәсіптік кооперация қарым-қатынасы назарға алынған.


«Германия «жасыл» сутегі өндірісіне инвестиция сала бастады, сондай-ақ сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу бойынша келісімдер жасалды. Бұдан бөлек, Германия біздің мұнайды сатып алып отырған ел ретінде маңызды», – деді депутат.

Сонымен қатар мәжілісмен биыл маусым айында Қазақстанға Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер сапармен келгенін еске салды. 

Сол кезде ол ат басын Ақтауға бұрып, Қазақ-неміс тұрақты инженерия институтының ашылуына қатысты. Неміс университеттер консорциумы аясында ашылған жаңа институт бұл өңірде техникалық өнеркәсіптің әртүрлі салаларында жұмыс істейтін мамандарды дайындауға мүмкіндік береді. 

«Жалпы, Германияға сапар кезінде Қазақстан Президентінің тілшілер сұрағына берген жауабына көпшілік ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы Украина мен Ресей арасындағы мәселені БҰҰ Жарғысы негізінде бейбіт келіссөз арқылы шешу керек екенін баса айтты. Президент Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың өзара достық сипатта жалғасып келе жатқанына тоқталды. Атап айтқанда, көрші елмен шекарада делимитация жасалып, оны екі ел парламенттері нақтылап, тиісті құжатты ратификациялады. Осының барлығын ескерсек, Ресеймен арада қандай да бір территориялық дау жоқ. Мемлекет басшысы барлық мемлекеттерді парасатты, салмақты дипломатияға шақырды. Негізі, блоктарға бөліну жаһандық ахуалдың ушығуына әкеледі. Біз Ресеймен, АҚШ-пен, Қытаймен және Еуропа одағымен сындарлы негізде өзара іс-қимылды жалғастырып келеміз», - деді Н. Шаталов.

Депутаттың сөзіне қарағанда, әлемдегі ең ірі экономикалардың бірі саналатын және көптеген секторларда технологиялық көшбасшы атанған Германияға жасалған бұл сапар Президент Жолдауын жүзеге асыруға ықпал етеді. Германия инвестор және жаңа экономикалық серпіліс үшін қажет жаңа технологияларды ұсына алатын мемлекет ретінде тартымды.