Сарапшы: Мемлекеттік басқаруды реформалау жөніндегі комиссияның құрылуы — саяси өзгерістердің заңды жалғасы

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік басқаруды реформалау жөніндегі комиссияның құрылуы мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде қоғамның сұранысын ескеруге мүмкіндік береді. Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институтының қоғамдық процестерді зерттеу және болжау бөлімінің басшысы Мира Күлікпаева мәлімдеді.

Сарапшы: Мемлекеттік басқаруды реформалау жөніндегі комиссияның құрылуы — саяси өзгерістердің заңды жалғасы
Фото Мира Күлікбаеваның жеке архивінен

Сарапшы реформалардың нәтижесі азаматтардың күнделікті өміріндегі өзгерістермен өлшенетінін айтты.

Оның сөзінше, Комиссияның құрылуы —жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі саяси жаңғырудың заңды жалғасы. Сондай-ақ комиссия жұмысына жаңа институттардың өкілдері мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысады.

— Комиссияның құрылуы — 2026 жылғы 15 наурызда өткен референдумда жаңа Конституцияның қабылдануынан басталған саяси өзгерістердің заңды жалғасы. Әуелі елде жаңа өкілді институттар — Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесі құрылды. Енді осы институттардың өкілдері мемлекеттік органдардың басшыларымен бірлесіп, мемлекеттік басқарудың жаңа бағыттары мен жұмыс тәсілдерін айқындайды. Бұл жұмыс Үкіметтен бастап ауыл әкімдеріне дейінгі барлық деңгейде жүргізіледі, — деді сарапшы.

Мира Күлікпаеваның пікірінше, мемлекеттік басқару реформасының нәтижесі ең алдымен қоғамның сұранысы мен күткен үдесінен көрінуі керек. Ол референдумда азаматтар қолдаған өзгерістердің күнделікті өміріне қалай әсер ететінін түсіну маңызды екенін атап өтті.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей, мемлекеттің даму деңгейін айқындайтын басты өлшем де, реформалардың оң нәтижесін сезінетін негізгі тарап та — азаматтар. Сондықтан мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістерді қоғамның сұранысы мен күткен нәтижесіне сай бағалау маңызды. Ең бастысы, референдумда азаматтар дауыс берген өзгерістер олардың күнделікті өміріне қалай әсер ететініне назар аудару қажет, — деді ол.

Сондай-ақ сарапшы Комиссия құрамының да маңызы зор екенін атап өтті. Оның құрамында Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесінің өкілдерінің болуы сайлаушылардың өтініштері мен қоғамдық кеңестердің, азаматтық қоғам институттарының ұсыныстарын ескеруге жол ашады. Бұған қоса мемлекеттік органдардың басшылары оларды іске асыруға мүмкіндік беретін шешімдер ұсынып, орындалуына жауапты тұлғаларды белгілей алады.

— Құрылтай депутаттары сайлаушылардан түскен сауалдарды ортаға салса, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қоғамдық кеңестер мен азаматтық қоғам институттарының ұсыныстарын жеткізеді. Ал мемлекеттік органдардың басшылары қандай шешімдер қабылдауға болатынын және олардың орындалуына кім жауапты екенін айқындайды, — деді сарапшы.

Оның пікірінше, Комиссия жұмысының нәтижесі әзірленген ұсыныстардың санымен емес, мемлекеттік органдар қызметіндегі нақты өзгерістермен өлшенеді.

— Комиссия жұмысының нәтижесі оның ұсыныстары мемлекеттік органдардың жұмысын қаншалықты жақсартқанына қарай бағаланады. Азаматтар оң өзгерістерді күнделікті өмірінен сезінсе, билікке деген сенім нығая түседі, — деп түйіндеді сарапшы.

Бұған дейін Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Алмат Нүкеновтің мемлекеттік басқаруды реформалаудың негізгі бағыттарын атағанын жазған едік