Сарапшы Президент Жолдауы туралы: Отандық бизнеске тұрақты «ойын ережесі» керек
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында бизнеске түсетін әкімшілік-салықтық жүктеме, өндірісті ұзақ мерзіммен қаржыландыру және отандық кәсіпорындардың ірі жобаларға қатысуы сияқты мәселелерге ерекше назар аударылды.
Өнеркәсіп саясаты және импортты алмастыру жөніндегі сарапшы Индира Нұрланның пікірінше, бұл бағыттардағы нәтижеге қол жеткізу үшін кәсіпкерлерге болжамды әрі тұрақты «ойын ережесі» қажет.
— Кәсіпкерлерге жағдайдың тұрақты болғаны маңызды. Президент салық заңнамасындағы бизнеске артық жүктеме тудыратын нормаларды түзету қажеттігін атап өтті. Кәсіпорындар жабдық сатып алу, өндірісті кеңейту немесе қызметкерлерді жалдау сияқты шешімдерді алдын ала жоспарлайды. Сондықтан ережелердің болжамды болуының мәні зор, — деді Индира Нұрлан.
Сарапшының айтуынша, өндірістік жобалардың нәтижесі бірден көрінбейді: жаңа қуаттарды іске қосуға және салынған қаражаттың қайтарымын алуға уақыт қажет. Осы себепті ұзақмерзімді қаржыландыруға қолжетімділік пен банктердің нақты секторды кредиттеуі өнеркәсіптің дамуына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі.
— Өндіріс жобалары іске қосылып, өзін-өзі ақтау үшін уақыт керек. Қаржыландыру шарттары осы ерекшелікті ескеруге тиіс, — дейді ол.
Индира Нұрлан ірі компаниялардың сатып алу конкурстарына отандық өндірушілердің қатысу мүмкіндігін кеңейту жергілікті кәсіпорындарға тапсырыстарын жоспарлап, өндіріс жүктемесін тұрақтандыруға және нарықтағы орнын нығайтуға жол ашатынын айтады.
Сарапшы жаңа зауыт салу туралы шешім қабылданар алдында ішкі нарықтағы қажеттілік пен экспорттық мүмкіндіктерді талдау керектігін айтты.
— Жаңа зауыттардың өнімдері сұранысқа ие бола ма деген сұраққа нақты жауап қажет. Сұраныс, нарық және экспорт мүмкіндіктері құрылыс басталғанға дейін бағалану керек. Кәсіпорынның өміршеңдігі осыған байланысты, — деді ол.
Сарапшы Жолдауда сөз болған инфрақұрылымды жаңарту бастамасы да отандық компанияларға қосымша мүмкіндік ашатынын айтып отыр. Мұндай жобалар материалдар мен жабдықтарға, қызметтерге сұраныс тудырып, жергілікті кәсіпорындардың өндірістік тізбектерге қосылуына жол ашады.
Жолдауда көрініс тапқан цифрландыру мәселесіне тоқталған Индира Нұрлан оның тиімділігін енгізілген технологиялардың санымен ғана емес, өндіріс нәтижесімен бағалау керек деп санайды.
Оның айтуынша, цифрлық шешімдер кәсіпорын жұмысының үздіксіздігін қамтамасыз етіп, шығынды азайтуға және өнім сапасын арттыруға ықпал ету керек.
Сарапшының пікірінше, Жолдауда айтылған бастамалардың нақты нәтижесі олардың орындалу барысына байланысты болмақ.