Сарапшы Путин сапары туралы: Осындай өзара тиімді қарым-қатынас Қазақстанның ұлттық мүдделеріне сай келеді

Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Айдос Сарым РФ президенті Владимир Путиннің Қазақстанға сапары туралы пікір білдірді және екі ел көшбасшыларының бірқатар құжатқа қол қоюы Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық көрсеткіштері жақсарып жатқанын айғақтайтынын айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Айдос Сарым
Фото: Kazinform

«РФ Президенті В. Путиннің Қазақстанға ресми сапары аясында елдеріміз арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар құжат пен келісімге қол қойылды. Атап айтқанда, ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарттың 10 жылдығына орайластырылған екі ел президенттерінің бірлескен мәлімдемесінен бөлек, энергетика, спорт, кеден саласы, еңбек қауіпсіздігі және ақпарат мәселелері бойынша келісімдерге қол қойылды. Саяси, экономикалық, гуманитарлық және басқа салалардағы екіжақты өзара іс-қимылды дамыту мен нығайтуға бағытталған 2023-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын жеке атап өткен жөн. Бұл құжаттарға қол қою Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық өз көрсеткіштерін жақсартуды және өзекті деңгейге шығуды жалғастырып жатқанын айғақтайды», — деді Айдос Сарым.

Сарапшы саясат, экономика және гуманитарлық мәселелер сияқты түрлі салалардағы терең және ұзақмерзімді қарым-қатынастар жаһандық геосаяси аласапыран кезеңінде екі ел арасындағы өзара түсіністік пен өзара іс-қимылдың көрсеткіші болып отырғанын атап өтті.

«Бұл ынтымақтастық, оның ішінде әртүрлі интеграциялық бірлестіктерге мүшелік арқылы бекітілген ынтымақтастық экономикалық және сауда қатынастарын дамыту үшін тұрақты платформа құратынын, ал энергетика, жұмыспен қамту, сауда саласындағы өзара инвестициялар мен заманауи жобалар елдеріміздің тұрақты дамуына ықпал ететін факторлар екенін атап өту маңызды. Келісімдердің бірінде көзделген Өскемен, Көкшетау және Семей қалаларында жаңа көмір блоктарын тұрғызу жолымен жаңа ЖЭО салу жобаларын іске асыру қолданыстағы инфрақұрылымның ескіруіне байланысты еліміздің бірқатар өңіріндегі жылу станцияларындағы апаттар мәселесін шешуде Қазақстанға айтарлықтай ілгерілеуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, бұл қазақстандық көмір өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін береді. Гуманитарлық байланыстар (бұл жағдайда спорт және ақпарат саласы) халықтарымыз арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, өзара білім мен тәжірибе алмасуды қамтамасыз етеді. Қазақстандықтардың жаһандық спорттық іс-шаралардағы — олимпиадалар, азиадалардағы сәтсіздіктері мәселесінде Ресейден тәжірибе, әдістемелер мен технологияларды алу спортшыларымыздың әлеуетін дамытуға және олардың үлкен жеңістерге жетуіне жақсы көмек бола алады», - деп толықтырды мәжілісмен.

Сонымен бірге, депутат мұндай оң және өзара тиімді қарым-қатынастар екі елдің одан әрі ынтымақтастығы мен бірлескен жұмысы үшін берік негіз құратынын, ең бастысы Қазақстанның ұлттық мүдделеріне толық сәйкес келетінін айтты.