Сарапшы: Рақымшылық жауапкершіліктен босату емес

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Президентінің бастамасымен ұсынылған рақымшылық ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған адамдарды босатуды көздемейді. Ол қоғамға айтарлықтай қауіп төндірмейтін азаматтарға қатысты неғұрлым икемді құқықтық тәсілді қолдануға бағытталған. 

Кого коснется амнистия в Казахстане, рассказал эксперт
Фото: Расул Қоспановтың жеке мұрағатынан

Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісіне саясаттанушы, сарапшы Расул Қоспанов айтты.

Сарапшының пікірінше, рақымшылық әлемнің көптеген елдерінде қолданылатын құқықтық саясаттың кең таралған құралы саналады. Ол жеңіл және орташа ауырлықтағы құқықбұзушылық жасаған адамдарға жазасын өтеп, келтірілген залалды өтегеннен кейін қоғамға қайта бейімделіп, қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік береді.

— Қазіргі құқықтық жүйелер барлық құқықбұзушылықтарға бірдей деңгейде мемлекеттік ықпал қажет емес деген қағидатқа сүйенеді. Сондықтан ауыр қылмыс жасағандарға қатысты қатаң шектеулерді сақтау қоғамға айтарлықтай қауіп төндірмейтін сотталғандардың санаттарына қатысты неғұрлым жұмсақ тәсілдерді қолданумен қатар жүзеге асырылуы мүмкін, — деді Расул Қоспанов.

Оның айтуынша, қазіргі рақымшылық сараланған сипатқа ие және терроризм, экстремизм, сыбайлас жемқорлық қылмыстары, ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысу, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар жасағандарға, сондай-ақ бірнеше рет қылмыс жасағандарға және өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға қолданылмайды.

Саясаттанушы қауіпті қылмыскерлердің жаппай босатылуы туралы алаңдаушылықтың негізсіз екенін атап өтті.

— Негізінен рақымшылық қылмыстық теріс қылықтарға, онша ауыр емес қылмыстарға және орташа ауырлықтағы кейбір қылмыстарға қатысты болады. Бұл ретте сотталған адамның мінез-құлқы, келтірілген залалды өтеуі және өзге де мән-жайлар ескеріледі, — деді ол.

Сарапшы әкімшілік рақымшылық мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, бұл бастама азаматтардың, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың қаржылық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Алдын ала бағалаулар бойынша әкімшілік рақымшылық 100 мыңнан астам адамды және жалпы сомасы шамамен 23 млрд теңгені құрайтын 1 миллионнан астам әкімшілік істі қамтуы мүмкін.

Сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты құқықбұзушылықтар рақымшылыққа ілінбейді. Атап айтқанда, көлікті мас күйінде басқару және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактілері бұл тізімге кірмейді.

Сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарына қатер төндіретін азаптау, қалыңдық алып қашу, сталкинг және алаяқтық схемаларға «дроппер» ретінде қатысу секілді құқықбұзушылықтар да рақымшылықтан тыс қалады.

Расул Қоспановтың пікірінше, мемлекет қоғамдық қауіпсіздік мәселесінде қатаң ұстанымын сақтай отырып, түзелгенін дәлелдеген азаматтарға қоғамға қайта бейімделуге мүмкіндік беруі тиіс.

— Рақымшылық — жауапкершіліктен босату немесе құқықтық тәртіпті әлсірету емес. Бұл — ізгілік қағидаттары мен қоғам мүддесін қорғау арасындағы тепе-теңдікті табуға бағытталған қадам, — деп түйіндеді сарапшы.

Еске салайық, бұған дейін ҚР Парламенті Сенаты «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды және оған ілеспе түзетулерді мақұлдаған болатын.