Неліктен сату менеджеріне сұраныс көбейген

АСТАНА. KAZINFORM — Жұмыс іздеу процесі толықтай цифрландырылған сайын онлайн алаяқтық тәуекелі артып, күрделене түскен. Осыған байланысты HeadHunter Орталық Азия компаниясының маркетинг және PR менеджері Мұхамед Бағдатұлы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында еңбек нарығындағы қауіпсіздік мәселелеріне тоқталды.

HeadHunter Орталық Азия компаниясының маркетинг және PR менеджері Мұхамед Бағдатұлы
Фото: Видеодан скрин

Оның айтуынша, компания Қазақстан нарығында 20 жылдан бері жұмыс істейді және осы уақыт ішінде миллиондаған адамға жұмыс табуға көмектескен. Қазіргі таңда платформада түйіндеме базасы 7 миллионға жуық болса, бір күннің өзінде орта есеппен 47 мың бос жұмыс орны жарияланады. Бұл еңбек нарығының толықтай цифрлық форматқа көшкенін және жұмыс ұсыныстарының көлемі жоғары екенін көрсетеді.

Сонымен қатар спикер цифрландыру жағдайында еңбек нарығындағы қауіпсіздік тек платформаның бақылауымен шектелмейтінін атап өтті.

— Мәселен, желіде сату менеджері деп шақырғандардың артында «пирамидалар» тұруы мүмкін. Сондықтан рекрутерден мекеменің заңды құжатын, сайтын сұрау керек. Компания заңды түрде тіркелу керек. Бұл жерде цифрлық сауаттылықтың маңызы зор, — деді Мұхамед Бағдатұлы.

Осыған байланысты платформада жарияланатын әрбір вакансия мен компания алдын ала қатаң тексерістен өтеді. Бұл қадам жалған хабарландырулардың алдын алып, пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

— Мысалы, бізге жұмыс жайлы хабарландыру бергісі келсе, толықтай компанияны, құжаттарын, деректерін тексереміз. Ол компанияның принциптеріне сай келу керек, қатаң мониторингтен өтеді. Пайдаланушылармен кері байланыс та бар. Барлық уәждерін қараймыз, — деді спикер.

Сонымен қатар еңбек нарығындағы жаңа үрдістер мен өзгерістер де назардан тыс қалмайды. Қазіргі таңда цифрлық дәуірмен бірге жұмыс форматы мен HR саласындағы талаптар жаңарып келеді.

— Жыл сайын HR бренд конференциясы өтеді. Сайысқа қатысқан, жұмыс ұсынушы компаниялардың ішінен HeadHunter жеңімпазды таңдап алады. Қазір зумерлердің дәуірі. Гибридтік жұмыс трендте. Осындай ерекшеліктер компанияда көп болса, біз арнайы номинация береміз, — деді ол.

Еске салайық, елімізде өңірлерге серпін беретін кадрлық бағдарлама іске қосылды.