Сарапшы: «Таза Қазақстан» — тазалық қана емес, жаңа мәдениет қалыптастыру бастамасы

АСТАНА. KAZINFORM — «Таза Қазақстан» — жай ғана тазалық науқаны емес, қоғамда жауапкершілік пен қоршаған ортаға жанашырлық мәдениетін қалыптастыратын бастама. Бұл туралы Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының басқарма төрағасы Айгүл Соловьева айтты.

Айгуль Соловьева
Фото: Айгүл Соловьеваның жеке мұрағатынан

Оның сөзінше, «Таза Қазақстан» бастамасын тек экологиялық тұрғыдан емес, философиялық әрі дүниетанымдық тұрғыдан да қарастыру қажет.

— Мемлекет басшысы қоғамда қарапайым әдеттерден бастап, елді мекендерді абаттандыруға және әр азаматтың жеке жауапкершілігіне дейінгі ортақ мәдениетті қалыптастыруды көздеді. Ендігі міндет — осы бағыттардың бәрін бір арнаға тоғыстырып, жүйелі түрде жүзеге асыру, — дейді сарапшы.

Айгүл Соловьева жаңа қоғамдық кеңістіктерді құрумен қатар, олардың тазалығы мен сақталуына деген жауапкершілікті де арттыру керек екенін атап өтті.

— Заманауи қалалық өнер мен вандализмнің аражігін нақты ажыратып, ұғымдарды дұрыс жүйелеу қажет. Сондай-ақ қоғамдық ұйымдарды бұл іске белсенді тартқан жөн. Бүгінде бастамаларды талқылап, оларды қолдаудың нақты тетіктерін әзірлеуге мүмкіндік беретін түрлі қоғамдық алаңдар бар, — дейді Айгүл Соловьева.

Сарапшы атқарылған жұмыстарды қала тұрғындарының пікірі, қалауы және заманауи үрдістерді ескере отырып бағалауды ұсынды.

Айгүл Соловьеваның айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасын тұрақты дәстүрге айналдыру үшін балабақша бүлдіршіндерінен бастап, аға буынға дейін барлық жастағы азаматтарды қамту маңызды.

Глава государства посадил дерево в Президентском парке Астаны
Фото: Ақорда

— Ерекше идеялар ұсынып, көрікті қалалар салуға, қоғамдық кеңістіктер мен орталықтар құруға болады. Алайда оларды мәдениетпен, мән-мағынамен, дұрыс әдеттермен және азаматтар мен мемлекеттік органдардың жауапкершілігімен ұштастырмасақ, тұрақты нәтижеге жету қиын, — деп қорытындылады ол.

Глава государства посадил дерево в Президентском парке Астаны
Фото: Ақорда

Еске сала кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» бастамасын жаңа мазмұнмен, тың идеялармен және креативті жобалармен толықтыруды тапсырған еді. Президент қазақстандықтарды қалалар мен ауылдарды абаттандыру ісіне белсенді атсалысуға шақырды. 

19 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты. Мемлекет басшысы Астанадағы Президент саябағында ағаш екті.

Қазақстанда тазалықтың ұлттық стандарты болатыны және оның бес негізгі бағыты туралы толығырақ осы жерден оқыңыз.