Сарапшы: ЖИ-ді тез меңгерген ел алғаш атқа мінген халық секілді, үстемдігі артады

АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллектіні бірінші меңгерген ел атты алғаш қолға үйреткен халық секілді: әуелде атты үйреткендерге қауіп көп болады, кейін атқа мінуді үйренбегендерге қатер артады. Бұндай пікірді Astana Hub бас директорының кеңесшісі Данабек Қалиаждаров айтты.

Данабек Қалиаждаров
Фото: egemen.kz

— ЖИ-ден келетін қауіп жайлы айтсақ, менің бір үнемі қолданатын аллегориям бар. 6 мың жыл бұрын біздің ата-бабаларымыз Еуразия төсінде жылқыны алғаш қолға үйретті. Ол заманда да біраз адам жабайы жылқыны үйрету қауіпті деп айтқан болар. Біраз адамның асау үйрету кезінде құлап, жарақат алып, жапа шеккеніне де сенімдімін. Екінші жағынан алғанда, кейін осы атқа мінуді үйренбеген қауымдар одан да үлкен қиыншылыққа тап болып, одан да зор қауіпке душар болды. 12-13 ғасырда моңғолдар жарты әлемді, бүкіл Еуропаны осы аттың арқасында жаулап алды, - дейді сарапшы.

Жасанды интеллектіден келетін қауіп-қатер жайлы айта келе маман оны да біртіндеп жетілдіріп, үйренуге болатынын түсіндірді.

— Жасанды интеллектінің құлағында ойнау үшін бірнеше маман болу керек. Мен алгоритм бойынша маман болсам, менің жанымда IT-қауіпсіздік бойынша маман болуы керек. Мемлекеттік тұрғыдан ақпараттарымызды қолданатын жасанды интеллект жасап жатсақ, ол жақта «ер-тоқым жасай алатын» да, оны дұрыс «қоректендіре» алатын да, дұрыс «тағалай» алатын да адам керек. Бұл жылқы шаруашылығынан да күрделі, ауқымды сала болғандықтан, ондағы мамандардың саны да бірнеше ондаған, тіпті жүздеген болуы мүмкін. Бір нәрсе анық, біз қалай да «атқа мінуіміз» керек. Ал міне алмай қалғандар экономикалық тұрғыдан артта қалады, - дейді Данабек Қалиаждаров.

Айта кетейік, бұған дейін алаяқтар ЖИ-ді қолданған жағдайда қалай қорғану керектігін жазған болатынбыз.