Сарапшылар: Мұнайдың өзіне сұраныс кеміп, өнімдеріне артуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Лондонда өткен Таяу Шығыс мұнай-газ конференциясында сарапшылар әлемдік мұнай нарығының қазіргі жағдайын, жеткізудегі үздіксіз іркілістердің әсерін және энергетикалық қауіпсіздік саласындағы өзгерістерді талқылады.

нефть
Коллаж: Kazinform / Freepik

Ұсыныс артса да шығындардың орны толмай жатыр

Халықаралық энергетика агенттігінің мұнай нарықтары бөлімінің басшысы Торил Босони соңғы айларда әлемдегі мұнайға деген сұраныстың негізгі бөлігін Солтүстік және Оңтүстік Америка елдері жабуға тырысып жатқанын айтты.

- Қазір олардың жеткізу көлемі шынымен артып жатқанын көріп отырмыз. Шамамен тәулігіне 1,5 млн баррель артық жеткізіп отыр. Бұл жыл басындағы болжамнан 600 мың баррельге жоғары. АҚШ-тағы өндіру көлемі нарық күткеннен асып түсті. Бразилиядан шығатын мұнай да болжамнан жоғары болды. Венесуэла мен Аргентина өсіріп жатыр, - деді Босони.

 

Латинская Америка
Фото: youtravel.me

Оның айтуынша, қосымша ұсыныс әлемнің басқа өңірлерінде түсіп қалған көлемнің орнын толық жаба алмай жатыр.

- Атлант бассейнінен келетін мұнайдың артуы Суэц каналының шығысындағы тапшылықтың орнын толық толтырмайтыны анық. Нарықтаы сұраныс тренді өзгеріп жатыр, - деді ол.

Сарапшы мұнайға сұраныстың, әсіресе Қытайда, төмендеп жатқанын да атап өтті.

- Біз шикі мұнайға түпкілікті сұраныстың төмендегенін байқап отырмыз. Мұнай импорты азайып жатыр. Соңғы деректерге сәйкес, мамыр айында Қытайдың шикі мұнай импорты наурызбен салыстырғанда тәулігіне шамамен 6 млн баррельге аз болды, - деп түсіндірді Босони.

Мұнай нарығының болашағы қандай?

Халықаралық энергетика агенттігінің болжамына сәйкес, 2026 жылы мұнайға деген әлемдік сұраныс былтырғымен салыстырғанда тәулігіне 420 мың баррельге қысқарып, 104 млн баррель болады. Бұл Таяу Шығыстағы ауқымды қақтығыс басталғанға дейін ұйым жасаған болжамнан 1,3 млн баррельге төмен.

Босонидің сөзінше, жалғасып жатқан қақтығыс пен жеткізудегі іркілістер мұнай нарығының келешегі өте белгісіз етіп тұр. Базалық сценарий маусым басына қарай жағдай тұрақтанып, үшінші тоқсанда жеткізілім біртіндеп қалпына келеді деген болжамға негізделген еді. Бірақ дағдарыс созылған сайын мұндай сценарийдің іске асу ықтималдығы төмендеп барады.

Ол ұсыныс ұзақ уақыт шектелетін сценарий барған сайын шынайырақ болып жатқанын айтты. Мұндай жағдайда сауда ағындары мен өндіріс көлемінің қалпына келуі әлдеқайда ұзаққа созылады. Тіпті жаһандық экономиканың баяулауы мен сұраныстың әлсіреуі де түсіп қалған көлемнің орнын толтыра алмауы мүмкін. Бұл жағдайда нарық қосымша баға қысымына тап болуы ықтимал.

- Бірақ осы сценарийлердің өзінде, ондағы ЖІӨ мен мұнай бағасына қатысты болжамдарды ескерсек те, сұраныстың төмендеуі ұсыныс шығындарының орнын толтыруға жеткіліксіз болып отыр. Демек, сұранысты қосымша шектейтін шаралар қабылданбаса, баға сценарийлерде көрсетілген деңгейден әлдеқайда жоғары көтерілуі керек. Сонымен қатар, нарық теңгерімді қалпына келтіруі үшін экономикалық болжамдар бұдан да нашарлауы мүмкін, - деп түйіндеді Босони.

ОПЕК-тің дәурені бітті ме?

Оксфорд энергетикалық зерттеулер институтының директоры Басам Фаттух қазіргі жағдай тек шикі мұнай нарығына ғана емес, мұнай өнімдері секторына да әсер етіп отырғанын айтты.

ОПЕК
Фото: Canva

Оның айтуынша, Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері ынтымақтастығы кеңесіне мүше елдер әлемдегі негізгі мұнай өңдеу орталықтарының бірі болып қала береді. Бірақ өңірдегі өңдеу көлемі айтарлықтай азайған.

Фаттух мұндай үрдіс неге әлемнің өзге бөліктерінде де байқалып отырғанын түсіндірді.

- Біріншіден, шикізат сатып алу шығындары айтарлықтай өсті. Екіншіден, Азиядағы мұнай өңдеу зауыттары өңдеу жағынан ең тиімді саналатын орташа күкіртті мұнай сорттарының бір бөлігінен айырылды. Үшіншіден, өндірістік процестерді оңтайландыру мүмкіндігі шектеліп барады. Бұған қоса, көлік пен логистика шығыны күрт өсті. Оның үстіне кей елдер мұнай өнімдерінің экспортына шектеулер мен тыйымдар енгізе бастады, - деді сарапшы.

Фаттух Америка мұнайының Азия нарығына ағыны артқанын растады. Бірақ дағдарыс аяқталғаннан кейін Азияның Парсы шығанағы бағытынан бас тартуы екіталай деп есептейді.

- Қалай десек те Парсы шығанағы Азиядағы мұнай өңдеу зауыттары үшін негізгі шикізат көзі болып қала береді, - деді ол.

Сарапшы қазіргі дағдарыс жаңа инфрақұрылымдық жобалар мен инвестициялық шешімдерге жол ашқанын айтады.

- Дегенмен нарықта бірқатар іргелі өзгеріс жүріп жатыр. Мысалы, балама құбыр бағыттары одан әрі дамуы мүмкін. Тұтынушы елдерге жақын жерлерде қосымша қоймалар салынуы ықтимал, бұл процесс қазірдің өзінде басталып кетті. Сондай-ақ Парсы шығанағындағы ұлттық мұнай компаниялары Азиядағы өңдеу және өткізу активтеріне көбірек инвестиция сала бастауы мүмкін. Бұл үрдіс дағдарысқа дейін басталған, бірақ қазір айтарлықтай жеделдеуі ықтимал, - деді Фаттух.

Жаңа энергетикалық қауіпсіздік

Энергетика саласының консультанты Сара Вахшури нарықты реттеу механизмдері елеулі деңгейде өзгергенін және тіпті ОПЕК-тің өзі бұрынғы ықпалын толық қайтара алмайтынын айтты.

- COVID-19 кезіндегі дағдарысты еске түсірсек, ОПЕК өндіріс пен нарықты теңгеруде шешуші рөл атқарды. Бірақ қазір ОПЕК квоталары бұрынғыдай маңызды емес. Өйткені нарықтағы тепе-теңдік енді тек өндіру көлемін бақылауға емес, жеткізу ағындарын бақылауға да тәуелді. Ал жеткізу ағындарын бақылау өндіруді бақылаумен бірдей маңызды факторға айналды, - деді ол.

Выход ОАЭ из ОПЕК: сигнал о конце старой нефтяной системы
Фото: azertag.az

Сарапшы бұл ОПЕК-тің дәурені бітті деген сөз емес екенін, тек энергетика нарығындағы ережелер өзгеріп жатқанын айтты.

- Әрине, бұл ОПЕК-тің ықпалы түгесілді деген сөз емес. Көп адам осылай қорытынды жасауға асығады. Бірақ, көп нәрсе өзгергені анық. Қазір энергетикалық қауіпсіздіктің жаңа тұжырымдамасы, жаңа нарықтық механизмдер, жаңа баға қалыптастыру жүйелері, сауданың жаңа географиясы және жаңа жеткізу бағыттары қалыптасып жатыр. Мұның бәрі жаһандық энергетикалық қауіпсіздік пен геосаясаттың өз динамикасын өзгертіп жатыр, - деп түйіндеді Вахшури.

ExxonMobil компаниясының аға вице-президенті Нил Чепмен алдағы апталарда мұнай бағасы 160 долларға дейін баруы мүмкін деген болатын.