Сарапшылар Жолдаудағы стратегиялық міндеттерді талқылады

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Президенттік орталығында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттары талқыланды. Сарапшылар экономикалық, әлеуметтік және құқықтық міндеттердің ел дамуы үшін маңызын атап өтті, деп жазады Kazinform тілшісі.

Сарапшылар Жолдаудағы стратегиялық міндеттерді талқылады
Фото: ҚР Президенттік орталығы

ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат Жолдауды қоғамды жаңғыртудың маңызды кезеңі деп бағалады. Оның айтуынша, құжат жаңа Конституциямен сабақтасып, елдің ішкі дамуындағы өзгерістер мен халықаралық жағдайды ескереді.

— Жолдаудың негізгі мақсаты — елді ауқымды жаңғырту. Онда Қазақстанды Еуразияның жетекші логистикалық орталығына айналдыру, энергия профицитіне қол жеткізу, су тапшылығын шешу, «Халықтық құрылыс» бастамасын іске асыру, жаңа Азаматтық кодекс әзірлеу, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу және ең төменгі жалақыны арттыру міндеттері қамтылған, — деді Бақытжан Темірболат.

Құрылтай депутаты Юлия Кучинская Жолдаудағы басымдықтардың қоғам сұранысымен үндес екенін атап өтті.

— Жолдау елдің одан әрі даму бағыттарын айқындайды. Инфрақұрылымдық және әлеуметтік-экономикалық міндеттерді орындау жаңа саяси құрылымның тиімділігін көрсетеді. Өңірлерге сапар мен сайлаушылармен кездесулер барысында көтерілген мәселелер Жолдаудағы басымдықтармен сәйкес келеді. Бұл құжаттың практикалық маңызын арттырады, — деді депутат.

Ал Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Жанар Жігітекова Жолдаудағы міндеттерді іске асыру үшін заңнаманы заман талабына сай жетілдіру қажет екенін айтты.

— Құқықтық негіз елдегі экономикалық және технологиялық өзгерістерге сай болуы керек. Заңнама азаматтар мен бизнеске нақты бағдар беріп, олардың құқықтарын қорғауға және дамуына жағдай жасауы тиіс, — деді ол.

Бұған дейін Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов ұстаздарды қолдау Президенттің айрықша назарында екенін жеткізген болатын.