Сарапшы алдағы аптада теңгенің қалай құбылатынын айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Альпари компаниясының сарапшысы Анна Бодрова алдағы аптада теңге бағамының ең төменгі және жоғары деңгейлері қандай болатынын айтты, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
"Валюталар бойынша жаңа аптада күтіліп отырған болжамдар тұрақты. Баррель қымбат кезде, шикізаттық валюталарға қауіп жоқ. АҚШ доллары 330,15-333,00 теңге аралығында саудаланады деп топшылануда. Еуро 354-356 теңге аралығында қалады", - деді ол.
Дегенмен қаңтар айындағы тағы бір апта қорытындыларын қарайтын болсақ, қазақстандық валюта біршама белсенді болды. АҚШ доллары теңгеге шаққандағы бағамы өткен аптада 0,43%-ға төмендеп барып жабылды. 23 қаңтар, дүйсенбінің таңғы саудасында бір доллар 331,66 теңге көлемінде сатылды. Теңге осы айдағы өзінің ең жоғары деңгейіне таяп қалды, дегенмен оған жақын белгіде тұрақтап қала алмады.
"Мұнай бағасының жоғары болуы, қазақстандық теңгеге тепе-теңдік беретіні анық. Солтүстікамерикалық Brent маркалы мұнайдың баррелі дүйсенбіде $55,18 (-0,5%) болды. Өткен демалыс күндері ОПЕК-тің мұнай өндірісін төмендету туралы келісімін орындау бойынша бақылаушы комиссияның отырысында бұл жұмыстар 80%-ға аяқталғаны анықталды. Нарық мұндай жаңалықты байыпты қабылдады. Себебі бұл нарықтық болжамдарға сай келді. Сол себепті де баррель құны 55 доллардан төмен түспей отыр", - деді Бодрова.
Сарапшының еске салып өткеніндей, өткен жұмада АҚШ президенті қызметіне кіріскен Дональд Трамп ОПЕК іс-қимылынан ерікті энергетикалық автономияны құруға ниетті екендігін және ішкі мұнай өндірісін ұлғайтатынын мәлім етті.
"Сарапшылардың бұл мәлімдемеге қатысты пікірі екіге жарылды: кейбір сарапшылар бұл жоспар тым асры сілтеушілік деп бағаласа, екіншілері бұның іске аса бастағанын алға тартады. Қалай десек те, АҚШ энергетикалық нарықта өте мықты ойыншы болып саналады және ОПЕК келісіміне қол қоймағандықтан, жеке ұстанымға ие мемлекет", - деді сарапшы.