Сарапшы «Нұр Отан» партиясы қалай жетілгенін айтып берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Тұңғыш Президенті жанындағы Әлеуметтік экономика және саясат институтының сарапшысы Радик Темірғалиев «Нұр Отан» партиясының қалай жетілгенін қысқаша айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарапшы «Нұр Отан» партиясы қалай жетілгенін айтып берді

«Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының екінші жартысында Мемлекет басшысы үшін басты міндеттердің бірі - өз жақтастарын біріктіру болды. Ол кезде Қазақстан Халқының Бірлік партиясы, Қазақстанның либералды қозғалысы, «Қазақстан-2030» үшін» қозғалысы, Әділет партиясы, Халықтық-кооперативті партия, Республикалық саяси еңбек партиясы секілді бірқатар қозғалыстар бар еді. Осылайша, дағдарыс жылдары саяси элитаның бытыраңқылығы айқын сезілетін», - дейді сарапшы.

Радик Темірғалиевтің айтуынша, 1999 жылы құрылған «Отан» партиясы қысқа уақыттың ішінде осы партиялар мен қозғалыстардың барлығын біріктіріп, Мемлекет басшысының жақтастарын шоғырландыра білген.

«1999 және 2004 жылғы Мәжіліс сайлауы кезінде партия құрылу жолынан өтті. 2006 жылы «Асар», «Азаматтық партия», «Аграрлық партия» мен «Нұр Отан» партиясы біріккеннен кейін соңғысы елдегі жетекші саяси күшке айналған. Сөзсіз, партияның жедел өсімі мен бекем бола түсуіне ең алдымен Мемлекет басшысының абыройы себеп болды. Мемлекет басшысының электораты партия электоратына айналды. 2006 жылы «Нұр Отан» деп аталған партия осылайша алға қадам баса берді. Сонымен бірге, қазақстандықтардың басым көпшілігі оңға немесе солға қатты бұрылыс жасаудан гөрі центристік идеологияны қош көретіні көрінуде», - дейді сарапшы.