Сарапшы: ОА басшыларының Астанадағы кездесуі - аймақ тарихындағы жаңа кезеңнің басы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық Азия елдері басшыларының Астанадағы кездесуін аймақ тарихындағы жаңа кезеңнің басы деп айтуға болады. Сарапшы Жанат Момынқұлов «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне осындай пікір білдірді.
«Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кездесуі өте жоғары деңгейде сәтті өтті деуге болады. Еркін форматтағы, ортақ күн тәртібін талқылауға арналған кездесудің нәтижесі аймақтағы сенімді нығайтуға қолайлы жағдай қалыптастырып отыр. Кездесу нәтижесі бойынша Наурыз мерекесіне орай мәлімдеменің жасалуы - ол да тараптардың ымыраға келуіне серпін береді. Яғни, ашық бір мәлімдеме жасалған жоқ, жұмсақ әрі жайлы формат қалыптасты. Бұл ретте Наурыздың халықтарды біріктіретін рөлі туралы, жалпы мәдениетіміздің бір екендігі, бір негіздерден бастау алатындары туралы айтылып отыр», - дейді сарапшы.
Жанат Момынқұловтың пайымдауынша, символикалық жағынан келгенде бұл кездесу Орталық Азия тарихындағы жаңа кезеңнің басы екенін көрсетеді.
«2018 жылдың «Қазақстандағы Өзбекстан жылы» деп жариялануы да осымен тұспа-тұс келді. Мәдени-гуманитарлық байланыстыр туралы сөз қозғалды. Орталық Азиядағы студенттерді Қазақстанда оқыту туралы да айтылды. Бұл да екінші фактор - яғни мәдени байланыс нығая түсті. Үшіншіден, тараптар су қауіпсіздік, сауда, транзит, көлік, экстремизммен күрес бойынша ашық пікір алмасу арқылы кейбір мәселелер бойынша келісімдерге қол жеткізді. Мысалы, наурыз айының соңында Ташкентте Ауғанстандағы жағдай мен экстремизммен күреске қатысты Ұлттық Қауіпсіздік органдарының үлкен жоғары деңгейдегі жиынын өткізу туралы келісілді», - дейді сарапшы.
Жанат Момынқұлов аймақтағы мемлекеттер тың бастамаларға қолдау білдіріп жатқанын атап өтті.
«Түрікменстанда «Аралды құтқару қорының» мерейтойлық жиыны болады. Тәжікстандағы су энергетикалық мәселелер бойынша үлкен конференция өткізіледі. Бұл екі жиынның өткізілуіне Түрікменстан мен Тәжікстанның өздері мұрындық болғалы отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің бұл бастамаларын қолдайтынын білдірді. Яғни, Қазақстан және Өзбекстанмен бірге, Орталық Азияның өзге де мемлекеттері қарым-қатынасты өркендетуге дайын екендіктерін білдіруде», - дейді ол.
Сарапшы өз пайымында бұл кездесудің нәтижесін - Орталық Азия тарихындағы жаңа кезеңнің басы деп айтуға болатынын шегелей түсті.
«Өйткені, бұл - аймақтағы түсіністікті, сенімді, ынтымақтастықтардың негізін нығайтатын консультативтік кездесу. Астана Орталық Азия елдерінің басын қосып отыр. Әрине, бұл ретте Өзбекстанның да рөлін ерекше айта кету керек. Астана мен Ташкент бірігіп, аймақтың мәселелерін ашық түрде талқылауға мүмкіндік туғызды», - деп түйді Жанат Момынқұлов.