Сарапшы «Ордабасы» - «Легия» ойынындағы даулы сәтке пікір білдірді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Танымал футбол комментаторы әрі сарапшы Дидар Қадыров «Ордабасы» мен Польшаның «Легия» командасы арасындағы ойын барысында орын алған даулы сәтке пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан клубы еурокубоктағы жаңа маусымды варшавалық «Легия» командасымен кездесуден бастаған болатын. Шымкенте өткен ойын 2:2 есебімен тең аяқталды.
«Ордабасы» ойынның 13 минутында Всеволод Садовский соққан голдың арқасында алға шықты. Екінші таймда Мамаду Мбодж есепті еселей түсті. Дегенмен, «ордабасылықтар» басымдықты ойын соңына дейін сақтай алмады. Матчтың 63-минутында қонақтар сапынан Томаш Пекгарт гол соқса, 86-минутта Блаж Крамер есепті теңестірді.
Ойын барысында даулы сәт те орын алды.
«Иә, доп беру кезінде Вшолекке қарағанда Блаж Крамер қақпаға тақау болды. Вшолоев оң қапталда ойнайтын қорғаушы, ал матчта VAR жүйесі (видеоқайталау) болған жоқ және соған байланысты төрешілер бригадасы ағаттық жіберді. Бобур Абдухоликовке қатысты сәтте де ол бұрылған кезде Крамердің аяғына тиіп кетті. Бұл жерде әдейі аяғын алға созбаған да болуы мүмкін. 89-минутта айып алаңында орын алған бұл жайттан кейін 11 метрлік айып добын белгілеуге болар еді. Бұл сәт осынау екі матчтық теке-тірес нәтижесіне көп ықпал етуі мүмкін өте маңызды оқиға. Жалпы, «Ордабасы» екі доп басымдығынан айырылып қалғаннан кейін жеңіске деген сенімін жоғалтып алған сияқты. Оларға өте қиын ойын болды. Өйткені «Легия» үйлесімділігі өте жоғары, ойын өрнегін бірнеше мықты футболшы арқылы өрбітетін команда екендігін мойындауымыз керек», - деді агенттік тілшісіне телефон арқылы пікір білдірген Дидар Қадыров.
Айта кетейік, қарымта ойын 4 тамыз күні Варшавада өтеді.