Сарапшы пікірі: Қазақстанның конфессияаралық келісім тәжірибесі Сирия үшін пайдалы болар еді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның конфессияаралық келісім тәжірибесі соғыстан кейінгі Сирия үшін пайдалы болар еді. Бұл пікірді ҚазАқпараттың Бішкектегі арнаулы тілшісіне «Шығыс-Батыс стратегиясы» сараптамалық орталығының бас директоры Дмитрий Орлов білдірді.
«Қазақстанның түрлі бітімгершілік миссияларға қатысудағы оң тәжірибесі, оның ішінде ресейлік-түркиялық қарым-қатынасты реттеудегі арағайындығы, сонымен бірге Қазақстанның сириялық жанжалды бейбіт жолмен шешу бойынша ұстанымы Ресей, Түркия және Иран арасындағы негізгі мәселелерде қол жеткізілген ортақ көзқарасты нығайтып, одан ары дамыта түсуге өз септігін тигізетін болады», - деді ол Қазақстан астанасында Сирия мәселесін реттеу бойынша келіссөздердің келесі кезеңін өткізуге қатысты пікірін білдіре келе.
Оның пайымынша, бірінші кезекте тұрған лаңкестік ұйымдармен күрес міндеттерімен қатар қазірдің өзінен бастап соғыстан кейінгі Сирияны одан ары дамытуда сириялық билік пен оппозиция арасындағы өзара қарым-қатынасты дұрыс жолға қоюға ден қою қажет.
«Сирияда Башар асад лаңкестермен соғыс жүргізіп жатса да ол жақта конфессияаралық келісімнің де бар екендігін ескеру қажет. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір бұл бағытта да келіссөздер жүргізуге тура келеді. Сирия тарихында алавиттер мен сүннитердің бейбіт жағдайда өмір сүрген кездері де болған. Дегенмен, қазіргі жағдайда діни мәселе Сириядағы тұрақсыздықтың тұтандырғышы да бола алады. Бұл ретте Қазақстанның конфессияаралық келісім тәжірибесі соғыстан кейінгі Сирия үшін пайдалы болар еді», - деді Орлов.
Сонымен қатар сарапшы Сирия мәселесі бойынша келіссөздердің өткізу мерзіміне қатысты да пікір білдіріп, оның 2017 жылдың қаңтар-ақпан айларында орын алуы мүмкін екендігін айтты.
«Сирия бойынша бейбіт келіссөздердің қажет екендігі сөзсіз. Бұл ретте кездесудің нәтижелілігі келіссөздер процессіне барлық қатысушыларға, оның ішінде америкалық тарапқа да байланысты болады. Дегенмен, бұл ретте ең басты мынаны түсіну қажет: қазір АҚШ Мемлекеттік департаменті не болса соны мақұлдай алады. Бірақ, мұның барлығы да Дональд Трамп ұлықталғаннан кейін ғана мәнге ие. Сондықтан келіссөздерді бастауға барынша оңтайлы дата келесі жылдың қаңтар айының соңы немесе ақпан айының басы», - деді Орлов.