Сарапшы: Президенттің қоғаммен тілдесуде тиімді медиаформаттары тұрақты трендке айнала бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қоғамдағы ақпараттық мифтерге, стереотиптерге және болжамдарға жедел реакция, әсіресе мүмкін болатын сайлау туралы ақпаратқа қатысты жедел түсіндірме беруі Президенттің барлық үдерістерден хабардар екенін көрсетеді. ҚР Президентінің жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары, саяси ғылымдарының кандидаты Мәдина Нұрғалиева Президенттің кешегі мәлімдемесіне қатысты осылай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан, сондай-ақ посткеңестік кеңістіктегі көптеген елдер үшін Мемлекет басшысының қызметіне ерекше көңіл бөлу тән. Әдетте, Қазақстан Республикасы Президентінің кез-келген мәлімдемесі, сөйлеген сөздері, бастамалары, шешімдері, заңдары мен басқа да әрекеттері бірден негізгі саяси күнтәртібіне ие болады. Билік транзиті және кезекті сайлау сияқты талқылаулар қазіргі заманғы коммуникациялық технологиялардың есебінен жаһандық тренд болып, одан сайын өзектілігін арттырады», - дейді сарапшы.

Мәдина Нұрғалиеваның айтуына қарағанда, Президенттің Конституциялық Кеңеске үндеуі бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде пікірталас тудырған. Сарапшы пікірталастардың көлемі мен географиясы өте кең екенін, бұқаралық ақпарат құралдары бұл өтінішті белсенді түрде талқылап жатқанын айтады. Бұл сырт елдердің саяси процестерге, әсіресе Н.Ә.Назарбаев тұлғасына ерекше назар аударатынын тағы да көрсетіп отыр.

«Шын мәнісінде, Конституциялық Кеңеске түсіндірме беру туралы өтініш әдеттегі техникалық және құқықтық рәсім. 1996 жылғы қаңтардан бастап қазіргі уақытқа дейін Конституциялық Кеңес Мемлекет басшысының, Парламент Палаталарының және депутаттардың, Премьер-Министрдің бастамасымен 200-ге жуық өтініш қабылдады. Осының бәрі Қазақстанда конституциялық бақылау институтының ғана емес, сондай-ақ Конституциялық Кеңес шешімдерін ақпараттық қолдау да күшейіп келе жатқанының дәлелі. Әрине, бұл құқықтық мемлекетте жақсы тәжірибе екенін мойындау қажет», - дейді ол.

Мадина Нұрғалиева осыған байланысты Мемлекет басшысының өтінішінен кейін келесі күні бірден бейне-түсіндірме жасауы жаңа үрдіс екенін атап өтті.

«Қоғаммен өзара әрекеттесу үшін жаңа тиімді медиаформаттарды белсенді пайдалану қазір тұрақты тренд бола бастады. Мемлекет басшысының қатысуымен қаңтарда өткен Қазақстандағы Жастар жылының ашылуы бұл фактіні тек растайды. Қоғамдағы ақпараттық мифтерге, стереотиптерге және болжамдарға жедел реакция, әсіресе мүмкін болатын сайлау туралы ақпаратқа қатысты жедел түсіндірме беруі Президенттің барлық үдерістерден хабардар екенін көрсетеді. Бұл тек саяси үдерістерге ғана емес, сонымен қатар елде орын алып жатқан оқиғаларға да, өкінішке орай, қайғылы оқиғаларға да қатысты. Бейне-түсіндірме берген күні Президент Астанадағы өрттен қайтыс болған балалардың ата-аналарына және жақындарына көңіл айтты. Ауыр және қиын сәтте адамдарға жақын болу - ең маңызды әрі бір мезгілде күрделі міндет. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі уақытта Президент Н. Назарбаев кез-келген жағдайда халық пен мемлекеттік билік бірлігінің мінсіз кепілі болып табылады», - деп түйді Мәдина Нұрғалиева.

Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Конституциялық Кеңесіне жүгіну себебін түсіндіргенін хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар