Сарапшы Сенаттың жаңарған құрамына қатысты пікір білдірді
Оның атап өтуінше, Сенат депутаттық корпусының бір бөлігін сайлау конституциялық мерзімде өтті.
«Осы тұрғыдан алғанда Парламенттің жоғары палатасы Мәжілістің жаңа шақырылымы жасақталатын кезеңдегі заңнамалық дәстүрдің сабақтастығын қамтамасыз ететін тұрақты саяси институт ретінде болады. Референдум қорытындысында Сенаттың өкілеттік қызметі күшейтілді. Сенаторлардың саны артып, жаңа өңірлердің, Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарының өкілдері кірді. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық квотасы Мәжілістен Сенатқа берілді», - деді сарапшы.
Ермек Тоқтаров Сенат адам құқықтары жөніндегі уәкілді сайлау, Президенттің Конституциялық сот, Ұлттық банк, Жоғарғы сот кеңесі төрағаларын, Бас прокурорды және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын тағайындауына келісімін беру арқылы мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырудағы өз ықпалын сақтап қалғанын айтады.
«Сенат Қазақстанның саяси жүйесінің маңызды элементі саналады. Жоғары палатаның жаңарған құрамын сәтті қалыпастыру саяси институттар тұрақтылығын, оларды қалыптастыру процедураларының тыңғылықтылығын көрсетеді. Мәжіліс болмайтын кезеңде Сенат Парламенттің бүкіл заңнамалық қызметін орындайды. Бұл алдағы сайлауды елдегі орталық билік өкілдігін сақтай отырып өткізуге мүмкіндік береді», - деді ол.
Фото: kisi.kz