Сарапшы: тәрбиешінің мәртебесін көтеру – жастардың мамандыққа деген қызығушылығын оятады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылғы дерек бойынша Қазақстанда 6,1 млн астам бала бар. Олардың білім алуы, денсаулығы – мемлекет үшін өте маңызды мәселе. Сондықтан да, білім сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналып отыр. Осы тақырып аясында Экономикалық зерттеулер институты АҚ (ERI) орталығы директорының орынбасары Алтынгүл Өтебаевамен сөйлескен едік.
Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында білім саласы ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқаратынын, сондықтан да мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек екенін баса айтып өтті. «Бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол бермей, барлық баланың балабақшамен қамтамасыз етілуін түпкілікті шешу қажет», - деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда, Экономикалық зерттеулер институты АҚ (ERI) орталығы директорының орынбасары ресми деректерге сүйенеді.
«Елімізде 2021 жылдың қорытындысы бойынша, балалар саны – 6 110 156. Бұл – ел халқының үштен бірі балалар екенін көрсетіп отыр. Демек, мектепке дейінгі білім беру мәселесі мемлекет үшін басымдыққа ие болуы керек. Алайда, мектепке дейінгі білім берумен балалардың 52,8%-ы ғана қамтылған. Бұл көрсеткішті көтеру қажет», - дейді Алтынгүл Өтебаева.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуі тиістігін айтты. «Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан, балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет», - деді Президент.
Экономикалық зерттеулер институтының өкілі бұл ретте тәрбиешілердің жалақысын ұлғайту, яғни олардың әлеуметтік мәртебесін көтеру керек деп санайды.
«2025 жылға дейін тәрбиешілердің еңбекақысын жыл сайын 25%-ға арттыру жүзеге асырылып жатқанына қарамастан, олардың жалақысы айтарлықтай өсіп жатқан жоқ. Мұның себебі – тәрбиешілердің базалық мөлшерлемесінің деңгейі төмен. Ал, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттыру – олардың жалақысын көтеріп қана қоймай, жас мамандар үшін мамандықтың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік бермек», - дейді Алтынгүл Өтебаева.
Сондай-ақ, сарапшы Мемлекет басшысының Балалар жылы аясында «Ұлттық қор - балаларға» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыру туралы тапсырмасы да халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға зор үлес қосатынына сенімді.
Еске салайық, Президент Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынды. «Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады... Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.
«Балаларға шот ашылып, кәмелет жасына толғанға дейін мемлекет тарапынан инвестиция құю – болашаққа деген сенімді арттырады. Оның үстіне, 18 жасқа толғаннан кейін қаражатты оқу ақысын төлеуге жұмсауға болатыны қуантады. Бұл да халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына бірден-бір септігін тигізетіні сөзсіз», - дейді сарапшы.
Назерке Сүйіндік