Сарапшы: Тегін кәсіби-техникалық білім беруді енгізу стратегиялық шешім болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің 30 қарашада жариялаған Жолдауында тегін кәсіби-техникалық білім беруді енгізу жөніндегі тапсырмасы стратегиялық шешім болды. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қоғамдық-саяси үрдістер сараптамалық-жобалау бюросының директоры Оразғали Селтеев осындай пікір білдірді.
None
None

Оның сөзі бойынша, ҚР Президенті өз Жолдауында Қазақстанда сапалы мамандарды даярлау ісіне үлкен мән берілген.

«Дамудың, индустрияландырудың негізі - мамандар. Осы мақсатта біздің елде Австралия, Германия, Сингапур елдерімен бірлесе отырып, мамандарды даярлау орталықтарын ашу көзделіп отыр. Маған ұнағаны, біз нақты екі платформада маман даярлауды нақтылап алдық. Ол - Назарбаев Университеті мен Алатау техникалық паркі. Мұнда ғылым мен бизнестің тәжірибеде қалай ықпалдасатындығына да көп мәселе байланысты», - деп атап өтті О. Селтеев.

«Президент тегін кәсіби-техникалық білім беруді енгізуді тапсырды. Бұл ұсыныстан мен Елбасының екі мақсатты ұстанғанын көріп отырмын. Біріншіден, бұл «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» тұжырымдамасының дамуына жаңаша серпін беру. Оның басты құралы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы болып табылады. Енді Жолдауда айтылған бастама келесі кезеңнің басталуын білдіреді. Келесіде әрбір қазақстандық кәсіби-техникалық білімді мемлекет есебінен тегін ала алады. Екіншіден, осы шешімі арқылы Елбасы стратегиялық мақсаттарды көздеді деп санаймын. Біз әрдайым индустрияландыру туралы айтып келеміз, ол жүзеге асып та жатыр. Бірақ жоғарыда айтқанымдай, индустрияландыру - ол алдымен кадрлар. Мемлекет басшысы осы қадамы арқылы болашаққа көз тастап отыр, демек ол қазірден бастап, индустрияландыру жобаларына қажет болатын мамандарды даярлауға негіз қалап берді», - деді ол.

Айта кетейік, 2017 жылдан бастап қазақстандықтарға тегін кәсіби-техникалық білім беріледі. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» тақырыбында жасаған кезекті Жолдауында атап өткен болатын.

«Мен бүгін қазақстандықтарға 2017 жылдан бастап «Барлығына арналған тегін кәсіби-техникалық білім» атты жаңа бағдарлама іске қосылатынын жариялағым келеді. Яғни, мемлекет әрбір азаматқа бастапқы мамандықты беруге міндеттеледі. Мектепті тәмамдап, қол қусырып қалған жас азамат келіп, алғашқы мамандықты, жұмыс істейтін мамандықты алуына болады, осыдан бастау керек. Үкіметке осыны жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын», - деді Н.Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар