Сарапшылар Қазақстан облыстары әкімдерінің рейтингісін шығарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Саясат-Monitoring» тобының зерттеушілері сәуір айының қорытындысымен әкімдер жұмысының тиімділігін бағалады. Және олардың рейтингісін жасады.

Сарапшылар Қазақстан облыстары әкімдерінің рейтингісін шығарды

Зерттеушілердің сауалдамаларына 30 саясаттанушы, қоғам қайраткерлері, блогерлер, политтехнологтар және журналистер қатысты. Респонденттерге өңір басшыларының жұмысын бірнеше көрсеткіштер бойынша бағалау ұсынылды.

Оның нәтижесінде алғашқы үш орынды Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Алматы әкімі Ахметжан Есімов және Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев иеленді. Соңғысы қоқыстармен күресте, су тасқынына қарсы шараларды ойдағыдай өткізуде және көктемгі-далалық жұмыстарына әзірлікті бастауда ерекшеленді.

Рейтингідегі төртінші орынға Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев көтерілді. Көшбасшылар тобын әкімдер корпусындағы ең тәжірибелі басшылардың бірі Бердібек Сапарбаев тұйықтады. Респонденттердің бағалауынша, ол басқарған Шығыс Қазақстан облысы тұрақты әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге жетіп келеді.

Ортаңғы эшелоннан бірінші орынға көшбасшылар тобынан шығып қалған Оңтүстік Қазақстан облысының басшысы Асқар Мырзахметов ие болды. Респонденттердің атап өтуінше, әкім өңірді бес жылдан астам уақыт бойы басқарып келеді. Өткен жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы оның жұмысын жоғары бағалағаннан кейін Мырзахметов Астанаға келіп қонжияды деп күтілген еді. Рейтингінің жетінші позициясына қазіргі әкімдер корпусының тағы бір «марафоншысы» - Атырау облысының басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов жайғасты.

Сәуір айының қорытындысымен Қарағанды облысының басшысы Бауыржан Әбдішев бір тармаққа жоғары жылжыды. Рейтингінің орта шенінен Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев орын алды.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев та орташалар қатарында қалды. Қостанай облысы сәуірде су тасқыны едәуір әбігерге түсірген үш аймақтың арасында болғанмен, өңір билігі жағдайды бақылауда ұстады. Бұл факті Нұралы Сәдуақасовтың рейтингіден 11-ші орынға шығуына мүмкіндік берді.

Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев негізгі топтан бір қадам кейінге тоқтады.

«Төменнен біріншілер» қатарында Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметов, Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов және олардың әріптесі Солтүстік Қазақстан облысының басшысы Самат Ескендіров қалды.