Сараптама жұмыстары жас мамандарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру қажеттігін көрсетті ­- ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты М. Бегентаев

АСТАНА. 2 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында «Жас маманның мәртебесін құқықтық айқындау, оның ең төменгі әлеуметтік пакеті» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы болып өтті.
None
None

Шараның мақсаты жас маманның мәртебесін құқықтық айқындау және оның ең төменгі әлеуметтік пакеті жөніндегі мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен азаматтық сектор арасындағы ортақ ұстанымды қалыптастыру болып табылады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты  мақаласындағы және Қазақстан Халқы Ассамблеясының 19 сессиясындағы берген тапсырмалары аясында жас маманның құқықтық мәртебесін және оның ең төменгі әлеуметтік пакетін айқындау қажет.

Бұл туралы ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мейрам Бегентаев айтты.

«Бүгінде жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған «Дипломмен ауылға!», «Шағын және моноқалаларды дамыту», «Жұмыспен қамту - 2020», «Қолжетімді баспана - 2020» сияқты бірқатар бағдарламалар бар. Олардың барлығы да жастардың әлеуметтік мәселелерін шешіп, болашаққа деген сенімін күшейтуге зор үлесін қосып жатыр», - деді ол.

«Дегенмен, сараптама жұмыстары жас мамандарды қолдауға арналған бағарламалардың тиімділігін әлі де болса арттыра түсу керектігін көрсетіп отыр», - деп түйіндеді өз сөзін М.Бегентаев.

Шараны «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының «Жас Отан» Жастар қанаты мен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырды.

Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, орталық мемлелекеттік органдардың вице-министрлері мен агенттік төрағаларының орынбасарлары, республикалық кәсіподақтардың және республикалық жастар ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Отырыс барысында «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР Заңына жас маманның мәртебесін құқықтық айқындау, оның ең төменгі әлеуметтік пакеті және басқа да сұрақтар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселелер талқыланды.

Отырыстың қорытындысы бойынша «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР Заңын жетілдіруге бағытталған ұсынымдамалар қабылданды.

Соңғы жаңалықтар