Сараптамалық криминалистика тобына ауыр міндет жүктелген – Бағдагүл Түменбаева
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Ішкі істер органдарының отставкадағы майоры, зейнеттегі криминалист Бағдагүл Түменбаева қаңтар оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бар ғұмырын жедел криминалистика саласына арнаған зейнеткер, отставкадағы майор Бағдагүл Түменбаеваның айтуынша, қаңтар оқиғасы ешкімді бейжай қалдырған жоқ.
«Осыдан бір ай бұрынғы қаңтар оқиғасы қазақстандықтар үшін үлкен сынақ болды. Бейбіт шеруге шыққан халықтың таза ниеті болды. Тек жастарымыз арандатушылардың арбауына түсіп қалған сияқты. Олар жолдағының бәрін қиратып, әскерилер мен полиция қызметкерлеріне шабуыл жасады. Аяусыз соққыға жықты. Қаншама жас қыршын кетті. Осыған жүрегім ауырады»,- дейді Бағдагүл Түменбаева.
Сондай-ақ, зейнеттегі криминалист қамауға алынғандарға қатысты қылмыстық іс егжей-тегжейлі тексерілуі керек деп есептейді.
«Ресми деректерге сенсек, екі мыңнан астам қылмыстық іс қозағалыпты. Бұл - ауқымды жұмыс. Сараптамалық-криминалистикалық топқа жүктелген жүк ауыр. Криминалистер жан-жақты зерттеу жүргізуі керек. Қазіргі технологияның мүмкіндігі зор, бұл кез келген қылмыстың жылдам әрі нақты ашылуына септігін тигізеді»,- дейді отставкадағы майор.
Сонымен қатар, ол бүгінгі күні қоғамда полицейлерге деген көзқарас өзгеріп кеткенін айтты.
«Полиция қызметкері – халықтың қорғаны. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. Алайда, бүгінгі қоғамда осы сала қызметкерлеріне деген көзқарас өзгеріп кетті. Халық полицияны қорған емес, қауіп көреді. Әсіресе, жастар жағы форма кигендерді ұнатпайды. Оның бір дәлелі Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезіндегі көрініс. Көшеде бұзақылар полицейлерді ұрып, погондарын жұлып алды. Менің ойымша қазір ішкі істер органдарына жаңа реформа керек»,- дейді спикер.