Саратовта 5 адамның өмірін қиған жол апаты: Екінші жүргізушіге айып тағылған жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы жылдың қараша айында Ресейдің Саратов облысында тіркелген жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Саратовта 5 адамның өмірін қиған жол апаты: Екінші жүргізушіге айып тағылған жоқ

«Екінші жүргізуші ауруханада емес. Шығып кетті. Ол қылмыстық іс бойынша жүріп жатыр. Өзінің туған-туысқандарымен Сатаровта пәтер жалдап тұрып, тергеу барысына қатысуда. Тұтқындалған жоқ», - деді ҚР СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров.

Оның айтуына қарағанда, айып тек біреуіне - сол апат кезінде рульде болған жүргізушіге ғана тағылған.

«Ал екінші жүргізушіге, яғни, айып тағылған жүргізушінің көмекшісіне ешқандай айып тағылып отырған жоқ. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сот күнінің белгіленуі тергеуге байланысты болады», - деді Айбек Смадияров.

Еске сала кетсек, осы жылдың қараша айында Ресейдің Саратов облысында Қазақстан мен Өзбекстан жолаушылары мінген рейстік автобус апатқа ұшыраған болатын.

«17 қараша күні РФ Саратов облысының Озинский ауданындағы темір жол өтпесінде «Саратов-Орал» рейстік автобусы жүк пойызымен соқтығысты. Бастапқы мәлімет бойынша, автобуста 7 жолаушы болған, олардың екеуі Қазақстан азаматтары болса, бесеуі - өзбекстандықтар», - деп хабарлаған еді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.

ҚР СІМ сол тұста апат салдарынан бес адамның қаза тапқанын хабарлаған.

«Қаза тапқандардың барлығы Өзбекстан азаматы. Жүргізуші және оның көмекшісі Қазақстан азаматтары. Олар тірі. Бірақ, жағдайлары өте ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр. Туыстары сол жақта. Хабар берілді. Тергеу жүргізіліп жатыр. Біздің Астрахандағы консул бұл мәселені ерекше бақылауына алып, күнделікті жұмысын жүргізіп жатыр», - деген еді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.