Сарбаздар қарбаластан қалыпты тірлікке орала бастады

ұлан сарбазы
Фото: Ұлттық ұлан

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде кейбір аймақтарда су тасқынының беті қайтып, Қарулы күштердің жеке құрамы мен әскери техникасының бір бөлігі Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарынан тұрақты орналасу пунктіне қайтарылған. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин айтты.

Сарбаздар әжептәуір жұмысты атқарғанын атап өткен жөн.

Мәселен, Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары жүргізіліп, Құлсары кентінде 2 мың метрлік жағалау аумағы тазартылды.

«Басшы ата» орталық зиратының, №15 орта мектебінің және тұрақты су қоры сақталған алаңдардың аумағына дезинфекция жүргізілді. 

«Ақтөбе облысында Ойыл өзені арқылы жергілікті халықты, техника мен жүктерді пароммен жеткізу және тасымалдау жалғасып жатыр. Өткен тәулікте 5 пароморейс орындалып, 17 көлік, 20 адам және 2 тонна жүк тасымалданды. Жайсаңбай ауылында жағалауды нығайту жұмыстары жалғасуда. Ақтөбе қаласында радиациялық-химиялық және биологиялық қорғау бөлімшесінің мамандары әлеуметтік маңызы бар объектілерге дезинфекциялау жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деді Руслан Жангулин.

Солтүстік Қазақстан облысында әскери қызметшілер Петропавл қаласында, Бескөл кентінде және Смирнов ауылында гуманитарлық көмекті түсіруге атсалысқан.

Әскери паромдармен 2 рейс жасалып, Прибрежный ауылына 326 адам жеткізілді.

Ақмола облысында әскери қызметшілер Есіл ауданының Заречный кентіндегі әкімдікті, су сору станциясын, асхана мен наубайхананы электрмен қамтамасыз етті.

27 наурыз бен 29 сәуір аралығында су тасқынына қарсы іс-шараларға Қарулы күштердің жеке құрамынан 6 153 адам, 255 техника, армиялық авиацияның 12 тікұшағы мен 5 әскери-көліктік ұшағы жұмылдырылғанын атап өткен жөн.

Соңғы жаңалықтар