Сарбаздар мен Ұлттық ұланға қызметке орналасуға ниеттілердің психологиялық жағдайын арнайы аппарат анықтайтын болады (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әскери психологтарға арнайы аппарат берілді. Бұдан былай Ұлттық ұлан қатарына қызметке орналасуға ниеттілердің тағдырын осы құрылғы шешетін болады. Себебі, мамандардың айтуынша ол азаматтардың әскери қызметке моральдық және психологиялық тұрғыдан қаншалықты дайын екенін 85% анықтай алады.
Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығына Санкт-Петербург қаласының «Биотехпрогресс» ААҚ және Алматы қаласының «Психологиялық қауіпсіздіктің зертханасы» ЖШС-нің ғылыми қызметкерлері арнайы келді. Олар мемлекеттік органдар мен басқа да салаларда психологиялық тестілеуде кең қолданылып жүрген газдыразрядтық визуализация әдісі аппаратымен таныстырды, деп хабарлады Ұлттық ұлан баспасөз қызметі.
Елімізде бұл құрал-жабдықтың таныстырылымы алғаш рет өткізіліп отыр. Таныстырылым шарасы Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтары, Әскери институты және әскери бөлімдерінің психолог мамандарының басын қосқан оқу-әдістемелік жиынға сәйкес келді. Құрылғының ерекшеліктерімен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК Шекара қызметі, ІІМ психологиялық қызмет өкілдері, осы салада маман даярлайтын елордалық жоғарғы оқу орындарының ұстаздары мен студенттері де танысты.
Санкт-Петербургте жасалған бұл аппараттың құны 7000 АҚШ доллларына жуықтайды. Ақылды аппараттың екі данасы ресейлік өндірушілермен тығыз байланыс орнатқан «Психологиялық қауіпсіздіктің зертханасы» ЖШС тарапынан Ұлттық ұланға сыйға тартылды. «Біз аппараттың бірін әскери-медициналық комиссияға табыстаймыз. Өйткені, әскер қатарына моральдық тұрғыдан мықты, дені сау мамандар іріктеуге және Отан алдындағы борышын өтеуге келген жауынгерлердің психологиялық жағдайын анықтауға көп септігін тигізеді деген ойдамыз», - деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары полковник Мұхаметқали Сатов. Ал, екінші данасы әскердің жеке құрамы жағынан ең үлкен құрамасы - Ильинка кентінде орналасқан 5573 әскери бөліміне беріледі.
«Ресей және өзге елдерде қолданылатын психологиялық тестілеу әдісінің мақсаты - жан күйзелісі салдарынан туындайтын түрлі негативті әрекеттерді жою. Бұл техника диагностикалық құрылғы емес. Диагнозды науқасқа тек дәрігерлер қояды. Алайда, әскери психологтарға суицидке бейім сарбаздарды анықтап, соған орай жұмыс істеп, жүйке тыныштығын қайта қалыптастыруға көмектесері сөзсіз. Процедураға бар болғаны 10-15 минут кетеді, ағзаға ешқандай ауыртпалығы мен зияны жоқ», - деді «Биотехпрогресс» ААҚ бас директоры Рамиз Юсубов.
Жоғарыда аталған әдістің негізінде қызметкердің алдына қойылған міндеттер мен мақсаттарды орындау қабылетін сапалы бағалауға мүмкіндік береді. Адамдардың өзара сәйкестігі деңгейін анықтау, ұжымда болатын келеңсіздіктердің алдын алуға және жұмыс орнындағы психологиялық ахуалдың жақсаруына мүмкіндік береді. Ұлттық ұлан басшылығы қоғам тыныштығын күзеткен құқықтық тәртіп әскерін құнды құрылғымен қамтамасыз еткені үшін делегацияға алғыс білдірді.