Сарыағашта жер мәселесін көтерген жергілікті депутатты үйінің алдында ұрып кетті

Сарыағашта жер мәселесін көтерген жергілікті депутатты үйінің алдында ұрып кетті, деп хабарлайды Kazinform.

ұру
Фото: Kazinform

Әлеуметтік желіде Сарыағаш ауданында болған жанжал туралы ақпарат тарады.

Онда жергілікті депутат әлеуметтік нысандар салу үшін бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне өткізу мәселесін көтерген.

Содан түнде үйіне келген бір топ адам, сыртқа шығарып соққыға жыққан. Бұзақылардың бұл әрекеті көшедегі камераға түсіп қалған.

Ал Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің полицейлері жергілікті тұрғынның хабарламасы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқандығын мәлімдеді.

«7 қазан сағат 3:20 шамасында полицияға ерлер арасында туындаған жанжал туралы хабар түсті. Жанжал кезінде олардың бірі екіншісін ұрып, мүлікті бүлдірген. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шықты. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 293-бабы және 202-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Жәбірленушіге қатысты сараптама тағайындалды. Заттай дәлел ретінде бейнежазба алынды. Болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Өз кезегінде  азаматтарға тек ресми дереккөзге сүйенуге және жалған ақпарат таратудан аулақ болуға кеңес береміз» делінген ведомства тарапынан таратылған ақпаратта.