Саркозиге шабуыл жасаған адам шартты түрде алты айға сотталды
АСТАНА. 2 шілде. ҚазАқпарат - Францияның оңтүстік-батысында орналасқан Ажен қаласының соты Франция Президенті Николя Саркозиге шабуыл жасамақ болған Эрман Фюстерді шартты түрде алты айға бас бостандығынан айырды,
деп хабарлайды Утро.ру агенттігі.
Сондай-ақ Э.Фюстерді мемлекеттің адамына шабуыл жасағаны үшін айыпты деп таныған сот оған ауруханадағы міндетті қаралумен үш жылға сынақ мерзімін бекітіп, 45 мың еуро көлемінде айыппұл салды.
Оқиға бейсенбі, 29 маусым күні Франция Президенті жергілікті қала мэрлерінің бас ассамблеясына қатысу үшін елдің оңтүстік-батысындағы Брана қаласына келгенде болған. Француздың барлық телеарналарында көрсетіліп шыққан бейнематериалда ел президенті оны қарсы алуға жиналған қала азаматтарының қолын ала бастағанда белгісіз біреу Саркозиді иығынан алып, оны қоршауға тартып кетпек болғаны анық көрінеді. Францияның мемлекет басшысы теңдікті сақтай алмай, әрең дегенде құламай қалған. Сол сәтте қорғаушылар шабуыл жасаған адамды ұстап, жерге жатқызған. Саркози сабырлылық сақтап, іс-шараны ары қарай жалғастыра берген.
Француздың БАҚ-тар таратқан ақпаратқа жүгінсек, Ажен қаласының музыкалық-би училищесінде қоймашы болып істейтін 32 жастағы Эрман Фюстер Саркозиге шабуыл жасау арқылы Франция белсенді ат салысып жатқан Ливиядағы әскери операцияға қатысты өз көзқарасын білдірмек болған. Франция Президенті өзіне тап берген ер азаматтың үстінен арыз жазбайтындығын айтып отыр.