Сәрсенбі күні өтетін Мәжілістің жалпы отырысының күн тәртібі қалыптастырылды

АСТАНА. Қазанның 11-і. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен Палата Бюросының кезекті отырысы өтті. Онда Мәжілістің салалық комитеттерінің ұсынуымен сәрсенбі күні өтетін жалпы отырыстың күн тәртібіне ұсынылатын мәселелер қаралды.

Сәрсенбі күні өтетін Мәжілістің жалпы отырысының күн тәртібі қалыптастырылды

Депутаттардың талқысына халықаралық маңызға ие заң жобасы ұсынылатын болды. Атап айтқанда, «1998 жылғы 12-нші қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы және Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелерін орналастыру және оларға қызмет көрсету шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы Палатаның жалпы отырысының күн тәртібіне шығарылады.

Сонымен бірге Мәжілістің жалпы отырысында Үкіметтен келіп түскен жаңа заң жобаларына қорытынды әзірлеу уақыттары анықталатын болады. Оның ішінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бар. Сондай-ақ «Асбестті пайдалану кезінде еңбекті қорғау туралы конвенцияны (162-конвенция) ратификациялау туралы», «Доңғалақты көлік құралдарына, доңғалақты көлік құралдарында орнатылуы және/немесе пайдаланылуы мүмкін жабдықтау заттары мен бөлшектерге арналған жаһандық техникалық ережелерді енгізу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі айқындалады.

Сол секілді «1968 жылғы 8 қарашада Венада қол қою үшін ашық Жол жүрісі туралы конвенцияны толықтыратын Еуропалық келісімді ратификациялау туралы», «Дүниежүзілік пошта одағының Жарғысына Жетінші қосымша хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобалары бойынша қорытынды шығару уақыты белгіленетін болады.