Сарыағаш ауданында 250 гектардан астам жер мемлекет қорына қайтарылды

САРЫАҒАШ. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Сарыағаш ауданында ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланбай жатқан тұлғаларды анықтау үшін мониторинг жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 157 азамат тарапынан 8689,66 гектар жердің игерілмей жатқаны анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарыағаш ауданында 250 гектардан астам жер мемлекет қорына қайтарылды

Сала мамандары тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде 86 азамат 6427,66 гектар жерін игере бастаған. Ал, 14 адамның 251,42 гектар жері мемлекетке қайтарылған.

Қазіргі таңда, қалған тұлғалардың игерілмей жатқан жерлері бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы, ауданда ағымдағы жылдың 11 айында жер телімдерін жалға беруден түсетін түсім 11 млн 741 мың теңге болып жоспарланса, қазір бұл көрсеткіш 10 млн 574,8 мың теңгеге орындалған.

Айта кетейік, жыл басынан бері ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге 4 рет конкурс өткізілген. Нәтижесінде 62 жеке және заңды тұлғаларға 5544,3 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімі жалға беріліп, қайта айналымға енгізілген.