Сарыағаш ауданында бүлдіршіндер арасында веложарыс өтті

САРЫАҒАШ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Сарыағаш ауданында бүлдіршіндер қатысқан «Балдырған» веложарыс өтті. Облыс көлемінде алғаш рет ұйымдастырылған сайысқа балабақшаға баратын 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарыағаш ауданында бүлдіршіндер арасында веложарыс өтті

Бұл спорттық жарыстың мақсаты мектеп жасына дейінгі балалардың қимыл-қозғалысын дамыта отырып, ептілігі мен шапшаңдығын арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыру болды. Веложарыста Сарыағаш және Сайрам ауданының бүлдіршіндері, жалпы 12 балабақшадан 50 тәрбиеленуші бақтарын сынап көрді.

Сайыс ережесіне сай ұл және қыз балалар жас ерекшеліктеріне байланысты 2 түрлі велосипедпен 100 метр қашықтықта жүріп өтті.

Жарыс қортындысында жеңімпаздар мен белсенділік көрсеткен барлық бүлдіршіндер аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің грамоталарымен және сыйлықтарымен марапатталды.

1-орынды Сарыағаш ауданы №4 бөбекжай балабақшасының бүлдіршіндері жеңіп алса, 2-орын Сайрам ауданындағы «Ырысалы апа» бақшасының бүлдіршіндеріне бұйырды. Ал, 3-орынды Сарыағаш ауданындағы №5 түзету үлгісіндегі санаторлық балабақшасының балалары қанағат тұтты.

Жарыс жеңімпаздарына алдағы 1-3 қараша аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өткізілетін Республикалық сайысқа жолдама берілді.

Ұйымдастырушылар бұл жарысты отбасылық мерекеге айналдыру арқылы балаларды салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа деген қызығушылығын арттыруға болатынын айтып отыр.