Сарыағаш ауданының әкімі жаңа алаңда балалармен бірге доп тепті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында «Соңғы қоңырау» күні спорт алаңшалары ашылды.
Сарыағаш қаласы мен Құркелес ауылдық округінде жаңадан салынған алаңшалардың салтанатты ашылуына аудан әкімі Қайрат Әбдуалиев қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Сарыағаш қаласындағы мөлтек ауданда бой көтерген алаңшада Қайрат Әбдуалиев оқушылармен бірге доп теуіп, ойындарды бастап берді. Ауданда жастарды спортқа тарту жөніндегі тапсырмаларға сәйкес, кәсіпкерлердің демеушілігімен 8 спорт алаңшасы салынды. Ал, биылғы жылы оқушыларды жазғы демалыс кезінде спортқа баулу қажеттігі ескеріліп, жергілікті бюджет есебінен бір үлгідегі 7 спорт алаңшасының құрылысы жүргізілуде. Бірқатары тапсырылу үстінде.
Айта кетейік, алаңшалар Сарыағаш қаласында (2), Абай ауылында (1), Құркелес ауылдық округінде (2), Дербісек ауылында (1), Жібек жолы (1) ауылдарынан салынуда. Бұдан бөлек демеушілер есебінен жыл соңына дейін тағы 4 спорттық алаңша пайдалануға берілмек.