11:54, 02 Наурыз 2023 | GMT +5
Сарыағаш қаласының орталық мешіті жанындағы мұсылман зираты жабылмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сарыағаш қаласының Исмаилов көшесі бойындағы орталық мешіт маңында орналасқан мұсылман зираты жабылуы мүмкін. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған қала әкімі Мұхит Досуповтың шешім құжатында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сарыағаш қаласы тұрғындарының пікірін ескере отырып және Сарыағаш қаласының орталық мешіті жанында орналасқан зираттың аумағында марқұм болғандарды жерлеуге мүмкіндік болмауына байланысты орталық мешіттің жанында орналасқан мұсылман зираты жабылсын», - деп жазылған шаһар әкімінің шешімінде.
Құжат 16 наурызға дейін көпшілік талқылауда болады. Күнтізбелік 10 күннен кейін күшіне енеді. Одан соң заңды шешімге сәйкес, орталық мешіт жанында орналасқан зиратта жерлеуге рұқсат етілмейді.