Сарыағаштан Ресейге 500 тонна жүзім жөнелтілді
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында бүгінде 1891 гектар жүзім алқабы бар. Оның өнім беретін 1648 гектарынан шаруалар биыл 13184 тонна өнім алып отыр. Биылғы орташа өнімділік гектарына 80 центнерді құраған.
ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиналған жүзімнің 4 313 тоннасы асханалық болса, 8 871 тоннасы техникалық сорттар. Биыл жылдағыдан мол өнім алып отырғандығын айтқан диқандар жиналған 8 871 тонна техникалық жүзім сортын аудандағы «Caspian Food» ЖШС мен «Жетісу» ЖШС-ның шарап зауыттарына өткізгенін айтуда. Ал қалған өнім ішкі нарыққа және еліміздің басқа облыстары мен 500 тоннасы Ресей Федерациясына жөнелтілген.
Айта кетейік, өткен жылы 1648 га жүзім алқабынан 13 мың тонна өнім алынды. Орташа өнімділік 79,2 цн/га болған.