Сарыағаштық дәрігерлер жылжымалы медициналық кешенмен қызмет көрсетеді
САРЫАҒАШ. ҚазАқпарат – Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданының дәрігерлері енді елді мекендерді аралап жүріп, науқастарға қызмет көрсететін болды. Аудандық ауруханаға жылжымалы диагностикалық медициналық кешен көлігі сыйға тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шекаралы аудандағы медицина қызметкерлері орталық ауруханаға келуге мүмкіндігі жоқ шалғайда орналасқан елді мекендерде тұратын науқастарға өздері барып, сырқаттарын анықтайтын болады.
«Бұл кешен ауруды дер кезінде дәлме-дәл анықтауға мүмкіндік беретін соңғы үлгідегі медициналық аппараттармен жабдықталған. Заманауи құралдармен жұмыс істейтін арнайы мамандарымыз да бар. Бір сөзбен айтқанда мұны халықтың денсаулығын қорғау үшін жасалып жатқан мол мүмкіндік деуге болады», – дейді аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Бауыржан Есболұлы.
Сала мамандары аудандағы коронавирус індетінің екінші толқынына дайындықтарын күшейтіп жатқанын да жеткізді. Олардың айтуынша, ауруханаға орталықтандырылған оттегі станциясы орнатылған. 18 өкпені жасанды желдету аппараты алынған. Сондай-ақ, қосымша 246 пульсоксиметр мен 150 контактісіз тепловизормен қамтылған. Сонымен қатар, демеушілердің қолдауымен 35 оттегі концентраторы мен 60 дана оттегі балоны, 1 ЭКГ аппараты мен 20 тонометр жеткізілген. Ауруханада 2 айға жететін дәрі-дәрмек қоры жасақталған.
Айта кетейік, қазір Өзбекстаннан келген шетелдіктер аталған ауруханада карантиндік тексеру шараларынан өткізілуде. Олардың арасынан короновирус жұқтырғандары анықталған болатын. Ауруханада пневмониямен ауырып жатқандар да ем қабылдауда.