Сарыарқа ауданы әкімдігі мектепке баратын 700 балаға көмектеседі

АСТАНА. 24 тамыз. ҚазАқпарат -  «Баланы мектепке жинайық!» акциясы аясында Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімдігі мектепке баратын 700-ге жуық балаға көмектеседі.

Сарыарқа ауданы әкімдігі мектепке баратын 700 балаға көмектеседі

Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне сұхбат берген аудан әкімі Ермек Оспанов мәлім етті.

«Осы акция аясында біз 680 балаға көмек көрсетуді көздеп отырмыз. Бұл жұмыста бізге «Қазақстан темір жолы», вагон жөндеу зауыты, «BI групп» сияқты ірі компаниялар көмектесіп жатыр. Бұдан басқа, бірқатар меценаттар өз аттарын атамай, оқушыларға жеке-дара қамқорлық жасап отырады. Біз ондай адамдарға тек балалардың тізімін және тұрғылықты мекен-жайын береміз де, олар өздері мектепке қажет заттарды апарып береді», - дейді Е.Оспанов. Әкімнің сөзіне қарағанда, балаларға таратылатын бір комплектің бағасы шамамен 8 мың теңге тұрады.

Бүгін «Арсенал» кинотеатрында өткен акцияның салтанатты ашылу рәсімі аясында әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасылардың 100-ге жуық баласына портфель және кеңсе заттары таратылды. Ал «Арсеналдың» әкімшілігі кішкентай бүлдіршіндерге жаңа мультфильмді тегін көрсетіп берді.