Сарыарқа ауданында зейнеткерлерге арналған «Қазына» орталығы ашылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Наурыз мейрамы қарсаңында Нұр-Сұлтанда «30 игі іс» қайырымдылық шаралары аясында Сарыарқа ауданының зейнеткерлеріне арналған «Қазына» бос уақыт өткізу орталығы ашылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Орталықта жаттығу залында спортпен айналысу үшін барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, келушілер бос уақытын түрлі үстел ойындарын ойнап, әртүрлі форматтағы іс-шараларды ұйымдастыра алады.


Орталықтың ашылу салтанатында елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қатысушыларды келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтап, қала ардагерлеріне белсенді өмір салтын сақтауға барлық жағдай жасалатынын атап өтті.
«Екі жыл бұрын осындай орталықтарды ашу мәселесін көтердік. Өткен жылы қала әкімі Алтай Сейдірұлының бастамасымен осындай 10 орталық ашу туралы шешім қабылданды. Өздеріңіз білетіндей, мұндай орталық Есіл ауданында да ашылды. Сол кезде елордамыздың басқа аудандарында ойын-сауық орталықтарын ашу туралы ұсыныс қозғалды. Міне Наурыз мерекесі қарсаңында Сарыарқа ауданында ардагерлерге арналған кезекті бос уақытын тиімді өткізу орталығын ашып отырмыз. Сіздерді орталықтың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Сондай-ақ, келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтап, зор денсаулық, жұмыстарыңызға табыс пен сәттілік тілеймін!» - деді елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.

Іс-шара барысында зейнеткер Григорий Шишов осындай орталық ашқан қала басшылығына алғысын білдірді.
«80-ге қараған шағымда еліміздің ардагерлеріне көрсетіліп жатқан қамқорлығын көргеніме қуанамын. Уақытылы зейнетақымызды да алып жатырмыз, жұрттың бізге көмектесуге деген ықыласын да жиі байқаймыз. Бізге спортпен шұғылдануға, қатарластарымызбен бас қосуға және белсенді өмір сүруге ынталандыратын кешен берілді. Бізге осындай үлкен сыйлық жасаған Есет Берікұлына ерекше алғыс айтқым келеді. Енді бос уақытымызда бас қосып, шүйіркелесетін орнымыз бар. Баршаңызды келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтаймын!» - деді зейнеткер.
Айта кетейік, бүгінде Сарыарқа ауданында 25 мыңнан астам зейнеткер, оның ішінде 7 соғыс ардагері, 1 240 еңбек ардагері бар. Олардың бос уақытын ұйымдастыру үшін ауданда зейнеткерлерге арналған 3 орталық жұмыс істейді.


