Сарыарқа ауданының әкімі мектеп аулаларын аралап, абаттандыру жұмыстарымен танысты
АСТАНА. 26 тамыз. ҚазАқпарат / - Бүгін Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі Сәбила Мұстафина бірқатар мектептердің аулаларын аралап, ондағы абаттандыру жұмыстарымен танысып шықты. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Келтірілген мәліметтерге қарағанда, 2011 жылдың алғашқы жарты жылдығында Сарыарқа ауданындағы 6 мектептің ауласын абаттандыру көзделсе, бұның 4-еуінде жұмыстар аяқталды. Қалған екі нысан бойынша абаттандыру шаралары жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталмақ. Бұл ретте мектеп аулаларына қосымша спорттық алаңдар салу да қамтылған. Аудан аумағындағы 5 балабақша күрделі жөндеуден өткізілсе, біреуінің жұмысы әлі де жүргізіліп жатыр. Тиісті қаражаттар толық қамтылған. 3 балабақшаның ауласы қосымша абаттандырылған.
Бұнымен қоса, ағымдағы жыл соңына дейін Сарыарқа ауданына қарасты 49 тұрғын үйдің ауласы абаттандырылатын болады. «Қалалық мәслихаттың шешіміне орай, мектеп аулаларын абаттандыру аудан әкімдіктерінің қарауына өтті. Бұрын бұл жұмыспен білім басқармасы айналысып келіп еді. Соған орай, аудандағы 31 мектептің 6-ында ауланы абаттандыру жұмыстары аяқталып отыр. Ауланы көгалдандыру, қоршау жұмыстары оқушылар үшін маңызды. Ал жоғарыдағы 6 мектептің абаттандыру жұмыстарына 320 млн. бюджет қаражаттары жұмсалды. Сонымен қатар, 31 мектептің бірқатары абаттандыруды қажет етпейтін жаңа стандартпен салынды. Сол үшін алдағы екі жыл барысында біз 12 нысанда осындай жұмыстарды атқаруды жүзеге асыратын боламыз», - деді С. Мұстафина.