Сарыарқа көшпенділер ойынына Қарағанды облысынан 300-ден астам спортшы қатысты

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Нұра ауданында «Сарыарқа – ұлы дала ойындары» фестивалінің екінші кезеңінің қорытындысы шығарылды. Шара Қарағанды облысынан 300-ден астам ұлттық спорт әуесқойларының басын біріктірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарыарқа көшпенділер ойынына Қарағанды облысынан 300-ден астам спортшы қатысты

Бірнеше күн бойы Нұра ауданында көкпар, аударыспақ, садақ ату, арқан тарту және басқа да бірқатар спорт түрлері бойынша жарыс өтті.

Көкпарда екі лигада 23 команда өзара бақ сынасты. Бірінші лигада «220 вольт» (Бұқар Жырау ауданы) командасы үздік атанды.

Екінші орынды Нұра ауданының «Рассвет» командасының қатысушылары жеңіп алды. Үздік үштікті «Ізенді Арландары» атты Нұра ауданының командасы түйіндеді.

Жоғары лигада Шет ауданының «Ақсу-Аюлы» командасының шабандоздары жеңіске жетті.

Екінші орынды осы ауданның көкпар әуесқойлары – «Ақсу-Аюлы жастар» командасы иеленді.

Үшінші орын Қарқаралы ауданы Қарағайлы кентінің «Жанали» командасының шабандоздарына бұйырды.

«Көкпар өте керемет болды. Жоғарғы лигада бірінші орынға ие болдық. Біздің команда – облыстағы ең мықты командалардың бірі. Бірақ қарсыластар да лайықты. Жалпы, соңғы үш жылда облыста ат спорты жақсы дамып келеді. Үздік үштікте Шет, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарының шабандоздары бар. Сондай-ақ ақтоғайлықтар арасында да мықты командалар бар. Маусым айының соңында Ақтоғайда спартакиада өтеді. Соған дайындалып жатырмыз», – деп атап өтті «Ақсу-Аюлы» командасының қатысушысы Дидар Есмахаев.

Аударыспақта бақ сынасқан спортшылардың күресі де керемет әсерлі болды. Қатысушылар өздерінің күші мен ептілігін үш салмақ дәрежесінде көрсетті: 62, 82 және 82+ келі.

Шет және Нұра аудандарынан Фархат Советов, Ерғанат Тайжанов және Азамат Жаркен үздік деп танылды.

Арқан тарту бойынша бас жүлде Нұра ауданының ерлер және әйелдер командаларының қоржынына түсті.

Қой көтеруде Қарқаралы ауданы Сарыбел ауылынан Әділет Серікпаев үздік нәтиже көрсетті. Ол екі минут ішінде 50 рет көтерді.
Жарыс концерттік бағдарламамен сүйемелденді. Фестиваль қонақтары мен қатысушылары үшін киіз үйлер тігілді.

Барлық жеңімпаздар медальдармен, кубоктармен және демеушілер ұсынған бағалы сыйлықтармен марапатталды.