СарыарқаАвтоПром көпшілік назарына JAC iEv4S электромобилін ұсынды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Екатеринбург қаласында өтіп жатқан XII «ИННОПРОМ-2022» халықаралық өнеркәсіптік көрмесінде «СарыарқаАвтоПром» ЖШС компаниясы көпшілік назарына JAC iEv4S электромобилін ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, Қостанай өңірінде орналасқан зауыт жеңіл және жүк көліктерін, автобустар мен арнайы техника өндірісін жүзеге асырады. Бүгінде өндіріс ошағында Jac, Chevrolet, Kia, Lada, Renault, UAZ сияқты брендтердің автокөліктері мен SAZ автобустары шығарылады.
«Былтыр кәсіпорын 60 мыңнан астам техника өндірді. 8 мыңға жуық автокөлік Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан мен Беларусь елдеріне экспортталды. Биыл зауыт 70 мың бірлік автокөлік шығарып, ауқымды жобаларды жүзеге асырмақ«, - деп хабарлады ведомство.

Ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын «АгромашХолдинг KZ» компаниясы көрмеге LOVOL тракторын әкелген. 2021 жылы өндіріс ошағы 500-ден астам трактор шығарды. Сондай-ақ, «АгромашХолдинг KZ» базасында ауыл шаруашылығы және коммерциялық техникаға арналған құрамдас бөлшектерді өндіретін оқшаулау орталығы іске қосылды. 2022 жылдың бес айында зауытта 108 комбайн, 455 трактор және 150 бірлік өзге ауыл шарушылық техникасы өндірілді. Өндіріс көлемінің артуына оқшаулау орталығының жұмысы септігін тигізді.


«Ал, Қарағанды облысында орналасқан «QazTehna» ЖШС зауыты көрмені тамашалауға келген адамдардың назарына Yutong автобусын ұсынды. Екі жыл бұрын іске қосылған кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 1200 бірлік жолаушылар автобусы мен электр автобустарын, сондай-ақ карьерлік, құрылыс және жол техникасының 500 бірлігін құрайды«, - делінген хабарламада.
Жалпы, көрме аясында қазақстандық делегация өкілдері өзге елдердің мемлекеттік орган және бизнес өкілдерімен кездесулер өткізіп, өнеркәсіп саласында ынтымақтастықты дамыту жайын талқыға салды. Тараптар алдағы уақытта бірлескен жаңа жобаларды жүзеге асыруға келісті.



